Түркия топтағы екінші ойында да ұтылды

Түркия топтағы екінші ойында да ұтылды

Футболдан Түркия ұлттық құрамасы Еуропа чемпионаты топтық кезеңіндегі екінші ойында да ұтылды. Бакуде өткен кездесуде Уэльс құрамасына 2:0 есебімен есе жіберді.

Валииліктер бірінші тайм аяқталар тұста есеп ашты. Гарет Бэйл берген тамаша пасты Аарон Рэмзи сәтті пайдалана білді. Ал оған дейінгі екі бірдей мүмкіндігін мүлт жіберген еді.

Ойынның екінші таймы екі құраманың алма-кезек шабуылымен жалғасты. Әсіресе түріктер шабуылын үдетіп, таразы басын теңестіруге ұмтылды. Сондай сәттің бірінде Бурак Йылмаз өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Ал 61 минутта Гарет Бэйл пенальтиден мүлт кетті. Оның тепкен добы қақпадан биік ұшты.

Уэльс құрамасы екінші голды ойын аяқталар сәтте соқты. Бұл жолы Бэйл берген пасты Конор Робертс голға айналдырды. 

Гарет Бэйл ойындағы үздік футболшы марапатына ие болды.

4 ұпай жинаған Уэльс құрамасы "А" тобында әзірге көш бастап тұр. Аздан соң бұл топтағы Италия мен Швейцария құрамалары арасындағы ойын басталады.

Н. Үсенова