- Негізгі бет
- Еуро-2016
- Массагет бәйгесі. Бүгін...
Массагет бәйгесі. Бүгін Еуропа чемпиондары алаңға шығады
Футболдан Франция жерінде өтіп жатқан Еуропа чемпионаты күн өткен сайын қыза түсуде. Бүгін 2008 және 2012 жылдары Еуропа чемпионы атанған Испания құрамасы жасыл алаңға шығады. Осы және өзге де ойындар жайлы қысқа шолуымызды ұсынамыз.
Испания – Чехия
Соңғы екі Еуропа чемпионатында айдарынан жел ескен «қызыл фурияның» Франция жерінде кезекті рет чемпион атануына спорт сарапшылары күмәнмен қарайды. Дегенмен Испания құрамасы бұл доданың басты фавориттерінің қатарынан орын алады.
Испания құрамасы соңғы жылдары жаңа ойыншылармен толығып келеді. Осыған дейін команданың жеңіс тұғырынан көрінуіне септігін тигізген ойыншылар қатары сиреген. Әсіресе 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында испандықтардың ойыны жүрген жоқ. Мұны футбол мамандары командадағы буын алмасу кезеңімен байланыстырды.
Чехия құрамасы да Еуропадағы танымал ұжымдардың бірі. Іріктеу кезеңінде Қазақстанмен бір топта ойнады. Құрамындағы жұлдызды ойыншылардың бірі – Петр Чех. Өзгелері деңгейлес ойыншылар.
Испания мен Чехия өз тарихында 4 рет кездескен. Бір ойын тең аяқталса, қалған үш ойында Пиреней түбегінің өкілдері жеңіске жеткен. Букмекерлік орталықтар «қызыл фурияның» жеңісіне 1,47, тең ойынға – 4,48, Чехия құрамасының жеңісіне 8 коэффициент беріп отыр. Ал спорт сарапшылары бұл ойында көп гол соғылмайды деп топшылауда.
Ойынға шығуы мүмкін құрам:
Испания: Касильяс – Хуанфран, Серхио Рамос, Пике, Альба – Бускетс, Иньеста, Сеск Фабрегас – Силва, Мората, Нолито.
Чехия: Чех – Гебре Селассие, Сивок, Кадлец, Лимберски – Дарида, Павелка – Дочкал, Росицки, Крейчи – Нецид.
Ойын Астана уақытымен кешкі сағат 19:00-де басталады. Тікелей эфирде «KazSport» арнасы көрсететін болады.
Ирландия – Швеция
Биылғы Еуропа чемпионатына қатысып жатқан құрамалар саны 24 болғандықтан кез келген құраманың топтан шығу мүмкіндігі жоғарылап отыр. Яғни әр топтан жоғары нәтижесі бар үшінші орын алған 4 құраманың плей-офф кезеңіне өту мүмкіндігі бар.
Спорт сарапшылары «Е» тобындағы үшінші орынға Ирландия мен Швеция құрамалары таласады деп болжауда. Ал алғашқы екі орынды Италия мен Бельгия құрамалары иеленуі тиіс екен. Олай болса бүгінгі ойын екі құрама үшін аса маңызды.
Ирландия мен Швеция арасындағы кездесу Париждегі «Стад де Франс» стадионында өтеді. Ойынға словениялық қазы Матей Юг төрелік жасайды.
Букмекерлік орталықтар ойындағы басымдықты Швеция құрамасына беріп отыр. Оның себебі де жоқ емес. Шведтердің құрамында танымал ойыншы Златан Ибрагимович бар. Швед жанкүйерлері осы шабуылшыға көп үміт артары анық. Ал өз кезегінде иралндиялықтар да осы ойыншыны адым аштырмауға тырысары анық.
Ойынға шығуы мүмкін құрам:
Ирландия: Рэндолф; Коулмен, О'Ши, Киог, Брэди; Уилан, Маккарти, Хендрик, Хулахан; Уолтерс, Лонг.
Швеция: Исакссон; Лустиг, Юханссон, Гранквист, Ольссон; Ларссон, Левицки, Чельстрем, Форсберг; Ибрагимович, Берг.
Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсететін болады.
Бельгия – Италия
Бельгия ФИФА рейтингінде жоғары орындарда тұрған құрамалардың бірі. Десе де бұл құрама соңғы уақытта ірі жетістіктерді бағындырған жоқ. Құрамындағы ойыншылар Еуропаның кіл мықты біріншіліктерінде өнер көрсетеді. Сондықтан да бельгиялықтарға осы Еуропа чемпионатында өздерін танытатын сәт келген секілді.
Италия құрамасы Еуропа чемпионатының аутсайдер құрамасы саналған емес. Топтан шығу мүмкіндігі жоғары. Әсіресе «скуадра адзурраның» қорғанысы мықты. Қорғаныста жүріп, қарымта шабуылда қарсыластарын қапы қалдыратын құрама өз ойынын жоғалтқан емес. Десек те 2006 жылғы құрамамен салыстыруға келмейді.
Бельгия шабуылда, Италия қорғаныста мықты. Мұны төмендегі алаңға шығуы мүмкін құрамнан да байқауға болады.
Бельгия: Куртуа; Алдервейрелд, Денайе, Вермален, Вертонген; Витсель, Наингголан; Мертенс, де Брeйне, Азар; Лукаку.
Италия: Буффон; Бардзальи, Бонуччи, Кьеллини; Кандрева, Пароло, Де Росси, Джаккерини, Дармиан; Иммобиле, Дзадза.
Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 22:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсететін болады.
Айта кетейік, осыған дейін «Массагет» порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Ойындарға болжам жасау Астана уақытымен басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады. Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Барынша үш ойынды да бір қатарға жазып жарияласаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілейміз! Жаңарған рейтинг Испания – Чехия ойыны басталғанға дейін жарияланады.
О. Сансызбай