- Негізгі бет
- Еуро-2016
- Массагет бәйгесі. Франция...
Массагет бәйгесі. Франция – Румыния
Бүгін спортсүйер қауым асыға күткен футболдан Еуропа чемпионаты басталады. Сондай-ақ massaget.kz порталы ұйымдастырған бәйгенің алғашқы туры басталмақ.
2016 жылғы Еуропа чемпионатына алғаш рет 24 құрама қатысады. Францияның 10 қаласында өтетін дода 1 айға созылады. Алғашқы ойын бүгін түнде Франция мен Румыния құрамалары арасында өтеді. Олай болса ойын алдындағы қысқа шолуымызды ұсынамыз.
Франция құрамасы – өз жерінде өтетін жарыстың фавориттерінің бірі. Чемпион атануға зор мүмкіндігі бар. Команда құрамы кілең кіл мықты футболшылар. Бұл құрамға енбей қалған танымал футболшылар да жетерлік. Дегенмен құраманың бас жаттықтырушысы Дидье Дешам Еуропа чемпионатына ең мықты ойыншылардың іріктегенін алға тартып отыр.
Француздар топтағы алғашқы ойынын Румыния құрамасына қарсы өткізеді. Екі құрама үшін де бірінші ойынның маңызы жоғары. Әсіресе алаң иелері «Стад де Франста» жанкүйерлерін жерге қаратқысы келмейтіні белгілі.
Франция мен Румыния құрамалары өз тарихында өзара 9 ойын өткізген. Оның төртеуінде француздардың мысы басым болса, бес ойын тең аяқталған. Румындар бірде-бір рет жеңіске жетпеген. Олай болса ойын алдындағы қызықті мәліметтермен таныс бола отырайық:
- Франция мен Румыния алғаш рет ресми ойынын 1996 жылғы Еуропа чемпионатында өткізген. Ойында француздар 1:0 есебімен басым түскен. Ал 2008 жылғы Еуропа чемпионатында қос құрама 0:0 есебімен тең ойнаған.
- Франция құрамасы Еуропа чемпионатында өткізген соңғы 15 ойынының 13-де 2,5 голдан аз соққан.
- Румыния Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі соңғы 8 ойынның 7-де өз қақпаларына гол соқтырмаған.
- Румыния құрамасы ірі доданың ашылу салтанатынан кейінгі бірінші ойында ешқашан ойнамаған. Сондай-ақ Еуропа чемпионатындағы алғашқы ойынын ешқашан жеңіспен бастамаған.
- Франция құрамасы «Стад де Пренс» стадионында 32 ойын өткізген. 3 ойында ғана жеңіліс тауып, 8 кездесуде тең түскен. Қалған ойындарды жеңіспен аяқтаған.
Француздар бірінші ойында жанкүйерлер қолдауымен желпінеді деп күтілуде. Мұны букмекерлік орталықтар ұсынып отырған коэффициенттерден де байқауға болады. Дидье Дешам шәкірттерінің жеңісіне – 1,37, тең ойынға – 4,92, Ангел Иорданеску баптайтын команда жеңісіне -10,25 коэффициент ұсынуда.
Румыния да осал құрама емес. Қорғанысы мығым ұжымдардың бірі. Ал фрацуздардың шабуыл шебі нағыз бабында деп айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, румындардың қорғанысын француздардың шабуылшылары сынға алып көретін болады. Құрамалардың бүгін түнде алаңға шығуы мүмкін құрамы төмендегідей:
Франция: Льорис – Санья, Косельни, Рами, Эвра – Погба, Канте, Матуиди – Гризманн, Жиру, Пайе.
Румыния: Тэтэрушану – Сапунару, Кирикеш, Григоре, Рац – Пинтилий, Гобан – Попа, Станчу, Станку — Андоне.
Ангел Йорданеску, Румыния құрамасының бас жаттықтырушысы:
- Бұл ойын Еуропа чемпионатының шымылдығын түретін болады. Біз әлемнің ең үздік құрамаларының біріне қарсы ойнаймыз. Жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын. Біздің мақсат – плей-офф кезеңіне шығу. Оны бүгінгі ойында дәлелдеу.
Дидье Дешам, Франция құрамасының бас жаттықтырушысы:
- Біз бұл ойынға екі жылдан бері дайындалып келеміз. Соңғы рет ресми ойында 2014 жылғы әлем чемпионатында Германияға қарсы ойнадық. Одан бергі аралықта тек жолдастық кездесулер өткізіп келеміз. Румындардың соңғы ойынын қарап шықтым. Олар қорғанысты көп назарға алып, жылдам қарымта шабуылда көп ойнайды екен. Біз үшін – Еуропа чемпионатын жеңіспен бастау маңызды.
«А» тобында Франция және Румыния құрамаларынан өзге Албания мен Швейцария құрамалары бар.Олардың өзара кездесуі ертең Астана уақытымен сағат 19:00-де өтеді. Топтан плей-офф кезеңіне шыққан құрамалар қай топтағы ұжымдармен кездесуі мүмкін екенін мына сілтеме арқылы біле аласыздар.
Сонымен, Еуропа чемпионатын тамашалайтын сәт сағат санап жақындап келеді. Бір ай бойы футбол «ауасымен» тыныстайтын әлем көз тіккен тартысты кездесулерді құр жіберіп алмаңыздар! Ал бүгінгі ашылу салтанатын және Франция мен Румыния арасындағы кездесуді «Қазақстан» арнасынан тамашалай аласыздар.
Еске салайық, осыған дейін Еуропа чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі Франция – Румыния ойынына ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Астана уақытымен түнгі сағат 00:50-ден кеш жазылған болжам есепке алынбайды. Сіздерге сәттілік тілейміз!
О. Сансызбай