"Алтын доп" иегері Катардағы әлем чемпионатында ойнамайды

"Алтын доп" иегері Катардағы әлем чемпионатында ойнамайды
Фото: globallookpress.com

Футболдан Франция құрамасының шабуылшысы әрі «Алтын доп» иегері Кәрім Бензема 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатында жарақатына байланысты алаңға шықпайды.

19 қарашада Бензема жаттығудан мерзімінен бұрын кетті. Ол Дохадағы ауруханаға МРТ-ға барған, онда сан бұлшықеті жарақаты анықталды. 34 жастағы шабуылшыға сауығып кету үшін үш апта қажет.

Франция құрамасы шабуылшының әлем чемпионатында ойнамайтынын қазірдің өзінде растады.

"Мен осы әлем чемпионатында өнер көрсетуді басты мақсаты болған Кәрім үшін қатты өкінемін. Франция құрамасына бұл жаңа соққы, сонда да мен өз командама толық сенемін. Біз алдымызда тұрған үлкен сынақты жеңу үшін бәрін жасаймыз", - деді Франция бас бапкері Дидье Дешам.

Айта кетейік, әлем чемпионаты 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өтеді. Франция D тобында Дания, Тунис және Аустралиямен ойнайды.

Т. Раушанұлы