Кездейсоқ ашылған ғылыми жаңалықтар

Кездейсоқ ашылған ғылыми жаңалықтар

Менделеев түсінде химиялық элементтердің периодтық жүйесін көрген дейді. Бірақ ұлы ғалым мұның өтірік екенін, периодтық жүйені ұзақ жылдар бойы үстел үстінде жұмыс істегенінің нәтижесінде ойлап тапқанын айтқан екен. Дегенмен, кенеттен болған әлемді өзгерткен кейбір жаңалықтар бар және қазір біздің өмірімізді осы "кездейсоқ" өнертабыстарсыз елестету мүмкін емес.

Микротолқынды пеш

Америкалық инженер Перси Спенсер микротолқынды пештің авторы. 1945 жылы ол ауадағы, теңіздегі және жердегі нысанды анықтайтын радарлар жүйесін құру құрастырмақшы болады. Осы жолда ол біраз уақыт микротолқынды сәуле шығаруға қабілетті магнетронды материалмен жұмыс істейді. Осы процесте қалтасындағы шоколадтың толығымен еріп кеткенін көріп таң қалады. Инженер микротолқынды сәулелену тағамды қыздыруға қабілетті екенін түсінеді. Сол жылы Спенсер жұмыс істеген Raytheon корпорациясы әлемдегі алғашқы микротолқынды пешті патенттеді.

Жүрек стимуляторы (кардиостимулятор)

Электронды кардиостимулятор пациенттердің жүрек соғуын бақылайтын және қажет болған жағдайда импульстарды қолдана отырып, жүрек соғуын біркелкі ұстау үшін қолданылатын құрылғы. Оны 1956 жылы америкалық инженер Уилсон Грейтбатч адамның жүрек соғысын жазатын құрылғыны жасап жатқанда кездейсоқ ойлап тапты. Өнертапқыш электр тізбегін қате құрастырып, өзі жасаған құрылғының электр энергиясын өндіретінін анықтады. Дәл осылайша ол адамның жүрегін электронды түрде күшейтуге болады деген ойға келді. Екі жылдан кейін әлемдегі алғашқы кардиостимулятор иттің денесіне имплантацияланды.

 Қанттың орнын басқан сахарин

Неміс химигі Константин Фальберг өткір иісті жабысқақ сұйықтық – көмір шайырын зерттейді. Оның зертханасында жалаң қолмен ұстауға болатын көптеген химиялық заттар болған. Бір күні ол үйге келіп, қарапайым тоқаштың өзіне тәттірек көрінетінін байқады. Ол лабораторияда суда жақсы ерімейтін тәтті дәмі бар түссіз кристалдарды ұстап, қолын жумаған болатын. Бұл кристалдардың ерекшелігі қарапайым қантқа қарағанда 500 есеге жуық тәтті. Күтпеген жаңалық 1884 жылы сахариннің әлемдегі алғашқы жаппай өндірісіне әкелді.

Темірбетон

1867 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік көрмеде француз бағбаны Джозеф Пакстон өсімдіктер үшін темір сыммен нығайтылған бетон ыдысын ұсынды. Пакстон жылыжайда жұмыс істеп, апельсин ағаштарын өсіретін. Жазда цемент ыдысында тұрған жеміс далаға шығарылады. Бірақ қыста оларды жылыжайға қайта кіргізу керек болатын. Осы температураның өзгеруінен бетон ыдыстар жарылып кететін еді. Оларды нығайту үшін Джозеф қалыпқа темір сым орната бастайды. Бағбан темір мен цементке ұқсас тәжірибелер туралы естіген болуы мүмкін. Бірақ ол өнімдерді тек шыбықтармен ғана емес, темір сыммен де нығайтуды шешеді. Моне өзінің зерттеулері барысында тік және көлденеңінен орнатылған сымдар беріктікті қамтамасыз ете алатынын дәлелдейді.

Нобель сыйлығы

1888 жылы француз газеті Альфред Нобельдің қайтыс болуына байланысты "Өлім саудагері қайтыс болды" деген тақырыппен көңіл айту хабарламасын жариялады. Бұл қайғылы хабар орынсыз жарияланды. Өйткені Канндағы ауруханалардың бірінде Альфредтің туған інісі Людвиг Нобель қайтыс болған еді. Осы некрологты оқығаннан кейін, динамитті ойлап тапқан өнертапқыш ұрпақтар есінде "Өлім саудагері" ретінде қалғысы келмей, дүние жүзіндегі ғылымда жетістікке жеткендерді ынталандыру үшін өз мүлкін арнайы қорға мұраға қалдырды. Кейін ол "Нобель" медалі деген атпен бүкіл әлемге танымал болды.

Сынбайтын шыны

1903 жылы француз суретшісі, жазушысы, композиторы және ғалымы Эдуард Бенедиктус химиялық тәжірибе жүргізіп жатқанда абайсызда еденге колбаны түсіріп алады. Бенедикт таң қалдырған жұқа әйнек жарылғанымен, сынған жоқ. Ғалым анықтап қараса колбада қалған нитроцеллюлоза ерітіндісінің қалдықтары кеуіп, шыны ыдысқа жабысып қалған екен. Сол жылдары көліктерге қарапайым әйнек орнатылып, апат кезінде сынған бөлшектер жүргізуші мен жолаушыларды жарақаттайтын.

Газетте жарияланған кезекті жол апатын оқығаннан кейін Бенедиктус тағы бір тәжірибе жасап, ортасында нитроцеллюлоза қабатынан тұратын екі қабатты әйнек жасайды. Қыздыру нәтижесінде целлюлоза еріп, пластиналар бір-біріне тығыз жабысады. Ғалым пайда болған қабатты "триплекс" деген атпен патенттеді, ал 1919 жылы Генри Форд алғашқылардың бірі болып оның әйнегін көліктерге орнатты.

Т. Раушанұлы