Виктор Баранов: КСРО-ның ең атақты жалған ақша жасаушысы

Виктор Баранов: КСРО-ның ең атақты жалған ақша жасаушысы

Оны КСРО-дағы №1 жалған ақша жасаушы деп атаған. Кейіпкеріміз суретші, өнертапқыштығының арқасында осындай дәрежеге жеткен.

Виктор Баранов өз қоймасында жалған ақша белгілерінің дербес өндірісін құрған. Қолындағы құралдарды ғана пайдаланып, 33 454 рубль жалған ақша басып шығарған, оның 28 мыңнан астамы айналымға шығарылған. Салыстыру үшін айтатын болсақ, ол кездегі ең қымбат машина "Волга" – 8 500 рубль тұратын. Қазіргі теңгеге шаққанда – 12 872 969 болады.

Сарапшылар Барановтың жалғыз жұмыс істегеніне сенбеді, оның бірнеше серіктесі бар деген болжам жасады. Алайда, тергеу жалған ақшаны Виктор Ивановичтің жалғыз дайындағанын растады. Бір қызығы, Барановтың жалған ақша жасап ақша табуға еш құлшынысы болмаған, ол осы арқылы өзінің асқан таланты бар екенін барлығына дәлелдегісі, елге танылғысы келген.

Танылмаған талант

Виктор Баранов 1941 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Он алты жылдан кейін оның отбасы Ставрополь өлкесіне көшкен. Баранов бала кезінен қағаз ақшаға, әсіресе ескі банкноттарға қызығушылық танытқан. Осы себепті патшалардың бейнелерін жинаған. Мектепте математикалық ойлау мен суретші қабілеттерін оңай үйлестіре отырып, жақсы оқыған. Бірнеше рет атақты суретшілер өздерінің картиналарын оған қайта салуға міндеттеген, ал ол мұны керемет түрде салып шыққан.

Болашағын шығармашылықпен байланыстырмауды жөн көрген Баранов жеті жылдық мектепті бітірген соң Дон-Ростовтағы құрылыс училищесіне оқуға түседі. Ол кезде өнертапқыштықпен айналысып, Ставрополь зауыттары мен фабрикаларына бірнеше рет модернизациялау жобаларын ұсынған. Бірақ жас инноватордың идеялары ешкімге керек емес еді. Оның ұсынысы үлкен есіктердің табалдырықтарынан ары өтпей қала бергесін Баранов басқаша әрекет ету керек деп есептеді. Намысы тапталған өнертапқыш өзінің түрлі жаңалықтарына ақша қажет екенін білетін. Сондықтан, суретшілік қабілетін пайдаланып жалған ақша басып шығаруға бел буады.

Кәсіби әдісі

Барановты банкноттардың нақты көшірмесін жасап алу мүмкіндігі бар ма деген сұрақ алаңдататын. Қажетті ақпаратты табу оңай болмаған шақта сирек кездесетін кітап дүкендері де бұл мәселеде көмектесе алмады. Виктор Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханаға бара бастады және тек сол жерден қажетті әдебиетті таба алды. Ол цинкография мен полиграфия бойынша кітаптарды ыждағаттылықпен зерттеп, негізгі ойларын қағазға түсіді. Ал, кейбір қолжазбаларды ұрлап кетті.

Виктор Иванович цехты өз үйінің аумағындағы қоймада жабдықтады. Бастапқыда ол 50 рубльдік банкноттарды шығарды. Бір қызығы, жалғанның сапасы түпнұсқадан жақсы болып шықты. 3500 рубльді басып шығарған Баранов ең қиын жан-жақты қорғалған 25 рубльдік банкнот шығарудың уақыты келді деп шешті.

Барановтың қоймада не істеп жүргенін ешкім білмеді. Үлгілі отағасы Ставрополь өлкесіндегі гаражда жүргізуші болған, тіпті біраз уақыт сол кездегі обком хатшысы Михаил Горбачевтың шопыры болған еді.

Виктор Иванович алғашында көпшіліктен ерекшеленбеуге тырысты. Жалған банкнот қажет болған жағдайда ғана пайдаланылды. Барлығы 1976 жылы тамызда ол отставкаға кеткенде басталды. Басты қателік – жұмыссыз Барановтың әйеліне қымбат әшекей беріп, туыстарына бағалы сыйлықтар сыйлап, өзіне жаңа "Нива" көлігін сатып алуы болды.

Мен жалған ақша жасаушымын

Қымбат көлікке ие болып, қымбат заттар сатып алған жұмыссыз Барановқа полицейлер қызығушылық танытты. 1977 жылы 12 сәуірде ол Черкесск қаласындағы колхоз базарында жалған ақша сатып жатқан кезде ұсталды. Виктор Иванович қарсылық танытпай, бірден «Мен жалған ақша жасаушымын!» деді. Баранов банкноттарды қалай қолдан жасағанын анық көрсетіп, тергеумен белсенді түрде ынтымақтасады. Оны  жеке басын тінту кезінде 25 рубль номиналындағы 77 жалған банкнот табылды. Сарапшылар Барановтың жалғыз жұмыс істегенін растады.

Виктор Баранов құрылғысының жүйесі

Баранов тергеумен ынтымақтастық жасағаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Түрмеде отырғанда ол КСРО Ішкі істер министріне хат жазып, онда банкноттарды қорғауды жақсарту жолдарын егжей-тегжейлі сипаттайды.

1990 жылы түрмеден кейін Ставропольге оралған Баранов қайтадан өнертапқыштықпен айналысты.

"Адам өмірінің мәні – шығармашылық еңбек. Маған не берілгенін түсіндім, тіпті көп азапқа төтеп беріп, қызмет етуге тура келсе де", - дейді ол.

Ол өнертапқыштығын жалғастыра берді. Осылайша, көп ұзамай жұмысқа орналасқан Аналог зауытында Баранов аккумуляторларда никель торын құрудың жаңа әдісін ұсынды.

Сол кезде маған: "Сіз кімсіз? Мұнда Германиядан мамандар келді, олар жаңа ештеңе ойлап таппады!", - деп еске алады Баранов.

 Одан кейін парфюмерия шығаратын "Франза" компаниясын ашты.  Бірақ бірнеше жылдан кейін компания арзан шетелдік парфюмерияға бәсекелесе алмай жабылды.

"Ақша" сериалынан стоп-кадр

Мәскеулік компанияның тапсырысы бойынша Виктор Иванович штрих-кодтарға қарағанда әлдеқайда тиімді сауданы қорғаудың жеке жүйесін әзірледі.

2016 жылы оның өміріне негізделген "Ақша" сериалы түсірілді.

Т. Раушанұлы