Роналдо: "Мен секілді кекіл қойған балалардың ата-анасынан кешірім сұраймын"

Роналдо: "Мен секілді кекіл қойған балалардың ата-анасынан кешірім сұраймын"
Фото: Getty Images

Футболдан 2002 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет екі елде өтті. Оңтүстік Корея мен Жапония жерінде ұйымдастырылған жарыста Бразилия ұлттық құрамасы бесінші рет мундиаль биігінен көрінді. Дәл сол додада жұрт есінде қалған бразилиялық футболшының бірі Роналдо еді.

Роналду Луис Назариу ди Лима әлем чемпионатында ерекше ойынымен көзге түсті. Төртжылдықтың басты додасында 8 гол соғып, үздік сұрмерген атанды. Финалда дубль жасап, Бразилия құрамасына жеңіс сыйлады. Бір қызығы, ол жасыл алаңдағы жарқын ойынымен қатар ерекше шаш үлгісімен де жұрт назарын өзіне аударта білді. Оның талантына бас иген талай жас Роналдо есімі жазылған жейдені киіп қана қоймай, сол секілді кекіл қоюға да құмартты. Жаңа ғасыр басында футболға қызыққан әлемдегі талай бала бразилиялық ойыншының шаш үлгісінде доп теуіп өсті.

Роналдо жақында берген сұхбатында осы бір шаш үлгісі жайлы сұраққа жауап бере келе өзіне еліктеген миллиондаған баланың ата-анасынан кешірім сұрады.

Маған еліктеп кекіл қойған балалардың ата-анасынан кешірім сұраймын. Масқара десе масқара. Жартылай финал алдында жарақат алып қалдым. Мұны бразилиялық БАҚ-қа айтқым келмеді. Сондықтан осындай шаш үлгісін қоюды ұйғардым. Командадағы жігіттерден кекілім жайлы сұрағанымда: "Масқара!", "Тез алып таста" деді. Бірақ журналистер менің жаңа шаш үлгімді көріп, жарақатым жайлы сұрауды ұмытып кетті, - дейді футболшы.

44 жасқа келген Роналдо қазіргі таңда Испанияның "Вальядолид" командасына басшылық жасайды. Клубтың 51% акциясы футболшының меншігінде.

Н. Үсенова