Аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолютті чемпионы Майк Тайсон орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес арасындағы бірінші жекпе-жек жайлы өз пікірін білдірді.
- Мен "Канелоға" жанкүйерлік таныттым. Алайда кездесу тең аяқталды. Бұл ең дұрыс шешім болды. Екінші жекпе-жекте кім жеңетінін көреміз", - деді Тайсон Fight Hub TV арнасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар америкалық боксшы өзін Головкиннің фанаты деп есептейтінін де айтты. Майк Тайсонға қазақстандық боксшының жұдырықтасу мәнері ұнайды екен.
- Мен Головкиннің фанатымын. Бүгінде ол pound-for-pound нұсқасы бойынша ең үздік боксшы. Жекпе-жекте ол тек жәй шабуылшы емес, тумасынан жеңімпаз. Ол шаршы алаңға шыққанда ұпаймен жеңуді көздемейді, ол қарсыласын әбден әуре сарсаңға салады. Головкин көрермендердің не көргісін келетінін біледі және соны істейді", - дейді Тайсон.
Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің командалары екінші жекпе-жек өткізу үшін келіссөздерді бастап кетті. Қос боксшы 5 мамырда шаршы алаңда қайта кездесуі мүмкін.
Айта кетейік, 2017 жылы 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша Головкин мен Альварес тең түсіп, отандасымыз чемпиондық атағын сақтап қалған болатын.
О. Сансызбай