Қазақстан премьер-лигасындағы ең қымбат 10 футболшы

Қазақстан премьер-лигасындағы ең қымбат 10 футболшы
Фото: google.kz

Футболдан ел премьер-лигасындағы ең қымбат ойыншылардың тізімі жарияланды. Алғашқы ондыққа тек «Астана» мен «Қайрат» футболшылары ғана еніп отыр. Бұл туралы немістің танымал «Transfermarkt» сайтына сілтеме жасап «vesti.kz» cайты хабарлады.

Қазақстан премьер-лигасындағы ең қымбат футболшылар көшін «Астана» командасының жартылай қорғаушысы Неманья Максимович бастап тұр. Оның құны 3 миллион еуроға бағаланып отыр. Елордалық ұжымның серб легионері алдағы уақытта еуропалық командалардың біріне ауысуы мүмкін екені де айтылып жүр.

Ең қымбат футболшылардың тізімінде 2-ші және 3-ші орындарға «Қайрат» командасының легионерлері Жерар Гоу мен Херсон Асеведо орналасқан. Екі ойыншының да трансферлік құны 2,5 миллион еуро көлемінде.

Төртінші орынға «Астананың» колумбиялық легионері Рохер Каньяс (2 миллион еуро) орналасса, бестікке «Қайрат» командасының капитаны Бауыржан Исламхан (1,8 миллион еуро) еніп отыр. Бауыржан – ең қымбат қазақстандық футболшы. Ондыққа енген өзге футболшылардың трансферлік құны төмендегідей: 

6-7. Исаэль – («Қайрат») – 1,5 миллион еуро.
6-7. Агим Ибраими («Астана») - 1,5 миллион еуро.
8-10. Юрий Логвиненко («Астана») - 1,2 миллион еуро.
8-10. Дмитрий Шомко («Астана») - 1,2 миллион еуро.
8-10. Жуниор Кабананга («Астана») - 1,2 миллион еуро.

О. Сансызбай