Илья Ильин жайлы қызықты 10 дерек

Илья Ильин жайлы қызықты 10 дерек
Фото: vesti.kz, thenews.kz

24 мамыр - қазақстандық ауыр атлет, ұлт мақтанышы Илья Ильиннің туған күні. Осыған орай қазақстандық спортшының жетістігі мен рекордтары жайлы қызықты деректер ұсынуды жөн санап отырмыз. Ол үшін алдымен спортшының жетістік жолына қысқа шолу жасай кетейік.

Илья Ильин 1988 жылдың 24 мамырында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Отбасында үш ұл баланың кенжесі. Спорт залға алғашқы рет алты жасында үлкен ағасы Андрейге еріп келген. Ағасы Қазақстан біріншілігінде бірнеше рет жеңімпаз атанған спортшы. Балалық қызығушылықпен ауыр темірлерді көтеруге әуестенген Илья арнайы үйірмедегі жаттығуын сегіз жасынан бастады. Алғашқы бапкері - Вилорий Пак.

Қазақстандық спортшының жетістік жолы:

2001 жыл, желтоқсан. 13 жастағы Илья Ильин Семейде өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, ең жас спортшы ретінде арнайы жүлде алды. Бұл оның – алғашқы жетістігі болатын. Арнайы жүлде – жас спортшыға үлкен сенім сыйлады.

2005 жыл, мамыр. 17 жасында Илья Ильин Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Ол 85 келіде 374 келіні (168+206) бағындырды.

2005 жыл, қараша. Илья 85 келіде Катар астанасы Дохада өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында да (170+2016) топ жарды. Сондай-ақ жарыстағы ең жас спортшы бола тұра, ең үздік ауыр атлет атанды. Онымен қоса жұлқа көтеру мен қос жаттығу қорытындысы бойынша әлем рекордын жаңартты.

2006 жыл, мамыр. Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына 94 келіге дейінгі салмақта қатысып, чемпион атанды. Бұл жолы 401 келіні еңсерді.

2006 жыл, қыркүйек. Илья 94 келіде Санта-Домингодағы (Доминикан Республикасы) әлем чемпионатына қатысып, қос жаттығуда 392 келімен (175+217) екінші рет ересектер арасында чемпион атанды. Бұл жарыста поляк Шимон Колецкий мен ресейлік Роман Константинов та осындай салмақты еңсерген болатын. Бірақ отандасымыздың салмағы олардан жеңіл болып шықты.

2006 жыл, желтоқсан. Илья Ильин 94 келіге дейінгі салмақта Катар астанасы Дохада өткен Азия ойындарында жеңімпаз атанды. Қоссайыста 401 келіні (175+226) көтерді.

2008 жыл, тамыз. Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында Илья Ильин алғаш рет чемпион атанды. Қоссайыста 406 келіні (180+226) бағындырды.

Аспан асты елінде өткен Олимпиада ойындарынан кейін ауыр атлет спорттық мансабындағы ауыр кезеңдерді басынан өткерді. Жарақаты мен командадан шығып қалуы көп әсерін тигізді. Осы сәтте Ильяға өзге елдерден де ұсыныстар түсті. Дегенмен спортшы бұл қиындықтарды жеңіп, 2010 жылы жарыс жолына қайта шықты. Ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

2010 жыл, қараша. Илья Ильин Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында екі дүркін чемпион атанды. Қоссайыста 394 келіні (175+219) көтерді.

2011 жыл. Илья Ильин кезекті рет ел чемпионы атанды. Парижде өткен әлем чемпионатына қатысып, үшінші рет өзінің үздік екенін танытты. Қоссайыста украиналық Артем Иванов екеуі де 407 келіні көтерді. Ал салмақ дәрежесі бойынша Илья жеңіл болып шықты.

2012 жыл, маусым. Ауыр атлет Талдықорғанда өткен ел біріншілігінде 410 келімен (180+230) жеңімпаз атанды.

2012 жыл, тамыз. Илья Ильин Лондонда өткен Олимпиада ойындарында қоссайыс бойынша 418 келімен, серпе көтеруде 233 келіні көтеріп әлемдік рекорд орнатты. Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды.

2014 жыл, қараша. Илья Ильин Алматыда өткен әлем чемпионатында төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Тартысқа толы өткен шешуші сәтте отандасымыз серпе көтеруде 242 келіні көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Ал Ильиннен 43 грамм ауыр болған өзбек зілтеміршісі Руслан Нуриддинов күмісті еншіледі.

2015 жыл, желтоқсан. Екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Грозныйда өткен РФ президенті кубогында екі бірдей әлем рекордын жаңартып, чемпион атанды. Ол серпе көтеруде 246 келіні басынан асырса, қоссайыста (437 келі) беларус спортшысы Андрей Арямновтың (436) рекордын жаңартты.

1. Илья Ильин үш салмақта (85, 94 және 105 келіге дейінгі) әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы.

2. Қазақстандық спортшы өзі қатысқан халықаралық жарыстардың бірде-бірінде жеңіліс таппаған.

3. Қазақстандық ауыр атлет спорттық мансабында жасөспірімдер арасында үш әлем рекордын, жастар арасында бір рет, ересектер арасында төрт рет әлем рекордын жаңартқан.

4. Илья Ильин төрт рет әлемнің ең үздік ауыр атлеті (2005, 2006, 2014 және 2015) атанған.

5. Спорттағы жетістігі үшін «Отан», «Құрмет» және «Барыс» ордендерімен марапатталған.

6. Илья Ильин Қазақстан спортында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған жалғыз спортшы. Спорттық мансабын 32 жасында аяқтағысы келетіні туралы осыған дейінгі сұқбаттарының бірінде айта кеткен болатын.

7. Илья Ильин «instagram» желісіндегі ең көп оқырманы бар спортшылардың бірі. Бүгінде оның жеке парақшасында 300 мыңнан астам жазылушы бар.

8. Илья Ильиннің жары Наталья да спортшы. Гандболдан спорт шебері. Екеуі Алматыдағы Олимпиадаға даярлық орталығында танысқан. Бүгінде Милана есімді қыз тәрбиелеп отыр.

9. Ауыр атлеттің ән мен биге де әуестігі жоғары. Әлеуметтік желілерде тамаша билерімен жанкүйерлерін таңдандырып тұрады. Тіпті, «Екі жұлдыз» жобасының бірінші маусымына қатысып, ән шырқаған да болатын.

10. Илья Ильин спортшы ғана емес, спорт және дене шынықтыру мамандығы бойынша PhD философия докторы.

Ө. Сансызбай