«Реал» «Арсеналдың» рекордын қайталады

«Реал» «Арсеналдың» рекордын қайталады
Фото: vk.com

Чемпиондар лигасының финалына шыққан мадридтік «Реал» лондондық «Арсеналдың» рекордын қайталады. «Корольдік» клуб осы маусымдағы 12 ойынның 10-да өз қақпасына гол соқтырмаған.

«Канонирлер» мадридтік клуб қайталаған рекордты 2005/2006 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасында орнатқан болатын. Ал «Реалдың» биыл бұл рекордты жаңартуына зор мүмкіндік бар. Ол үшін финалда «Атлетикоға» гол соқтырмау керек.

«Реал» осы маусымдағы Чемпиондар лигасының өз алаңындағы ойындарында қақпасына гол соқтырған жоқ. Тек сырт алаңда донецкілік «Шахтер» (4:3) мен немістің «Вольфсбург» (0:2) клубы ғана мадридтік клубқа гол соқты. 

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының финалына шыққан мадридтік «Атлетико» мен «Реал» арасындағы ойын 28 мамыр күні Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өтеді.

Ө. Сансызбай