Чемпиондар лигасы. Финалда - мадридтік дерби!

Чемпиондар лигасы. Финалда - мадридтік дерби!
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының финалына шыққан екінші клуб та белгілі болды. Мадридте өткен ойында «Реал» ағылшындық «Манчестер Ситиді» ұтты.

Зиннедин Зидан жаттықтыратын «корольдік клуб» ағылшындық «Манчестер Ситиге» қарсы қарымта ойында айқын фаворит саналды. Криштиану Роналдудың ойынға қатысуы – мадридтік клубтың мерейін асыра түсті. Алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері ойындағы басымдықты қолдарына алды.

9 минутта «Манчестер Сити» капитаны Венсант Компани жарақат алып, ойынды ерте аяқтады. Оның орнына Элиаким Мангала шықты.

Шабуылын үдеткен «Реал» ойыншылары сәт санап қонақтар қақпасына қауіп төндірумен болды. 20 минутта Даниэль Карвахальдың берген пасын Гарет Бэйл қақпаға тура бағыттады. Ойыншының тепкен добы қақпа бағанына тиіп, қақпа торында тулады. Ал оған дейін доп Фернандоның аяғына тигені анықталып, автогол нәтижесі тіркелді. Бір қарағанда, доп Бэйлдың тура соққысынан кейін-ақ қақпаға енген секілді көрінген.

Бірінші тайм соңында «Манчестер Сити» ойындағы алғашқы соққысын бағыттап, таразы басын теңестіруге шақ қалды. Фернандиньюдің тепкен добы қақпа бағанына тиді.

Екінші таймды екі клуб та сылбыр бастады. Қауіпті соққы 55 минутта барып қана бағытталды. Гарет Бэйлдың тамаша пасын Лука Модрич сәтті пайдалана алмады. Бұл тұста Джо Харт та шеберлігін таныта білді.

64 минутта бұрыштамадан асырылған допқа бірінші Гарет Бэйл жетіп, қақпаға баспеен соққы бағыттады. Доп қақпа бағанына тиіп кері серпілді. Ал қайта асырылған пасты Криштиану Роналду екі қолымен қарсылас қақпасына бір-ақ тоғытты.

89 минутта Серхио Агуэроның алыстан бағыттаған добы Кейлор Навастың қақпасын сәл биік қана жанап өтті. Одан кейінгі аралықтағы уақытты тиімді пайдаланған «Реал» ойыншылары есепті сақтап қалды.

Миландағы финал мадридтік дербимен жалғасатын болды. Естеріңізде болса, кеше финалға бірінші болып «Атлетико» жолдама алған болатын. Финалдық кездесу 28 мамырда өтеді.

Мадридтік клубтар осыдан екі жыл бұрын ғана Чемпиондар лигасының финалында ойнаған болатын. Ол ойында «Реал» жеңіске жеткен еді.

Ө. Сансызбай