Қытайлықтар 2022 жылғы Олимпиада Әнұранын мультфильмнен көшірген

Қытайлықтар 2022 жылғы Олимпиада Әнұранын мультфильмнен көшірген
Фото: flipboard.com

2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын иеленген Қытай елі доданың Әнұранын таңдап та үлгерген болатын. Жақында белгілі болғандай, композитор Чжао Чжаоның туындысы «Disney» шығарған «Салқын жүрек» («Холодное сердце») мультфильмінің саундтрегімен сәйкес келеді екен.

«Аспан асты елінің» тілшілері мен блогерлері Олимпиада Әнұраны «Snow and Ice Dance» пен «Let It Go» әндерінің өте ұқсас екендігін жарыса жазуда. Ноталары мен айтылуы, өңделуі, барлығы да «Салқын жүрек» мульфильмінің әнін қайталаған. Бұл туралы «The Guardian» хабарлап отыр.

- Көшірме екені анық. Бұл – халықаралық жарыс. Егер елімізден жақсы музыка табылмаса, шетелден алдыртайық, - деп жазған блогерлердің бірі. Енді бір блогерлер екі әннің ұқсастықтарын салыстыра бейнеролик дайындаған да. Кей блогерлер композитордың туындысын қолдап, көшірме екенін жоққы шығаруға тырысуда. Ал ел басшылығы болса аталған мәселеге байланысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Айта кетейік, 31 тамыз күні Малайзия астанасы Куала-Лумпурде 2022 жылғы қысқы Олимпиада өтетін ел белгілі болған еді. Алматыдан 4 дауыс артық жинаған Бейжің доданы өткізуге құқық алған болатын. 

О. Сансызбай