Колумбия футболшылары Неймарды тағы да «жазалады» (видео)

Колумбия футболшылары Неймарды тағы да «жазалады» (видео)
Фото: sport-express.ru

Чилиде өтіп жатқан Америка кубогының топтық кезеңіндегі Бразилия мен Колумбия кездесуі төреші ысқырығы шалынғаннан кейін жанжалға ұласты. Нәтижесінде бразилиялықтар сенген Неймар мен Колумбия құрамасының шабуылшысы Карлос Бакка қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Бразилия мен Колумбия құрамалары Америка кубогының «С» тобында бақ сынауда. Бірінші ойында Дунга шәкірттері Перуді 2:1 есебімен ұтса, колумбиялықтар ойда-жоқта Венесуэладан ұтылып қалған болатын. Бүгін Бразилиямен өткен ойында Колумбия құрамасы плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Ойындағы жеңіс голын 36 минутта Мурильо соқты. Колумбия «пентакампеондарды» 1991 жылдан бері жеңе алмай келе жатқан еді.

Бразилия мен Колумбия кездесуінің соңы жанжалға ұласып, бас қазы Неймар мен Карлос Бакканы қызыл қағазбен жазалады. Екі ойыншы алдағы уақытта бірнеше ойынға қатыса алмайтын болады.

Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында Колумбия құрамасының қорғаушысы Хуан Суньига Неймарға қарсы ереже бұзып, жарақат алуына себепкер болған еді. Нәтижесінде Неймарсыз ойнаған бразилиялықтар немістерден 7:1 есебімен ойсырай ұтылған-ды.

Бразилия - Колумбия 0:1

Гол: 36 Мурильо.

Бразилия – Джефферсон, Дани Алвес, Миранда, Тиаго Силва, Филипе Луис, Фирмино, Фернандиньо, Фред (Коутиньо, 46), Виллиан (Дуглас Коста, 69), Элиас (Тарделли, 76), Неймар.

Колумбия – Оспина, Мурильо, Армеро, Сапата, Суньига, Куадрадо, Санчес, Валенсия (Мехия, 80), Хамес, Фалькао (Ибарбо, 69), Гутьеррес (Бакка, 76).

Ескертулер: Гутьеррес (20), Фернандиньо (33), Фирмино (41), Неймар (45).

Алаңнан қуылды: Неймар (90), Бакка (90).  

О. Сансызбай