Чемпиондар лигасы «Эль-Класикомен» жалғаса ма?

Чемпиондар лигасы «Эль-Класикомен» жалғаса ма?
Фото: eurocups-uefa.ru

Бүгін футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының финалына шыққан екінші клуб анықталады. Осыған дейін каталондық «Барселона» бірінші болып Берлинге жолдама иеленіп үлгерген болатын.

2013/2014 жылғы маусымда мадридтік «Реал» Чемпиондар лигасын өз тарихында 10-шы рет жеңіп алған еді. Биыл сол атақты қорғап жартылай финалға дейін жетті. Финалға бір қадам ғана қалды. Бірақ туриндік «Ювентус» «корольдік клубты» жарыс жолынан шығару үшін барын салуда. Бірінші ойында 2:1 есебімен жеңіске де жетті. Енді «Сантьяго Бернабеудегі» қарымта ойын қай клубтың финалға шығатынын шешетін болады.

Чемпиондар лигасы тарихында ешбір клуб өз атағын екінші маусымда қорғап қала алмаған. Яғни, екі маусым қатарынан чемпион атанбаған. Ал биыл Карло Анчелотти шәкірттерінде мұндай мүмкіндік бар.

Еуропаның дүбірлі доп додасының финалында «Реал» мен «Барселона» ешқашан кездесіп көрмеген. Себебі, ХХ ғасырдың 60-жылдары мадридтік ұжым 6 рет чемпиондық атақты иеленгенде, каталондық ұжымға бұл межені бағындыру арман болатын. 2006 және 2009 жылдары «блауграна» чемпион атанғанда, «Реалдың» ойыны оңалмай жүрген шақ еді. Ал 2011 жылы екі клуб жартылай финалда кездескен болатын. Мадридте «Барселона» Мессидің дубль орындауы нәтижесінде жеңіске жетсе, «Камп Ноуда» 1:1 есебі тіркелген-ді. Әрине, Испания чемпионатындағы «Эль-Класиконың» жөні бір бөлек, Чемпиондар лигасындағы «Эль-Класиконың» жөні бір бөлек. Бірақ ол үшін бүгін «Реал» «Ювентусты» жеңуі тиіс.

«Ювентус» пен «Реал» өзара 16 кездесу өткізген. Оның 8-інде туриндік клуб жеңсе, 8 кездесуде мадридтік ұжымның мысы басым болған. Ал бүгін түнде өтетін кездесуде «корольдік клуб» фаворит саналуда. Букмекерлік орталықтар «Реал» жеңісіне – 1,64 коэффициент, тең ойынға – 4,16 коэффициент, «Ювентус» жеңісіне – 5,61 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады. Кездесуге Швеция елінің төрешісі Йонас Эрикссон қазылық жасайды.

Командалардың алаңғы шығуы мүмкін құрамы:

«Реал»: Касильяс; Карвахаль, Рамос, Пепе, Марсело; Хамес Родригес, Кроос, Иско; Бейл, Бензема, Роналду.
Ойынға қатыса алмайды: Модрич, Хедира

«Ювентус»: Буффон; Лихтштайнер, Бонуччи, Кьеллини, Эвра; Погба, Пирло, Маркизио, Видаль; Мората, Тевес.
Ойынға қатыса алмайды: Асамоа, Касерес, Марроне, Ромуло

Әрине, бүгін түндегі кездесу нағыз тартысқа толы болмақ. Спорт, әсіресе футболда күтпеген нәтижелер көптеп кездеседі. Ал сіздер бұл ойындар туралы қандай ой қосасыздар? Айта отырыңыздар!

О. Сансызбай