Әлемдік футболдың жұлдыздарына қарсы

Әлемдік футболдың жұлдыздарына қарсы

Футбол - бұл спектакль. Бұл спектакльді көру үшін әлемнің тең жартысына жуық тұрғыны түн ұйқысын бұзып, көгілдір экранның алдына телміреді. Өздерінің сүйікті ойыншыларын алаңнан көрген кезде жандары жай тауып, қиял құшағында қанаттанып, бір сәтке шабыттанады. 

Бүкіл әлемді бір сәтте қуанту мүмкіндігіне ие жандардың керемет ойын үлгісіне назар аудара отырыңыздар: 

Видеороликте каталондық "Барселонаның", италияндық "Миланның" және Бразилия құрамасының экс-жартылай қорғаушысы Роналдиньоның әлемдік футбол жұлдыздарына қарсы өнері топтастырылған екен.

"Зардап шеккендер" қатарында мадридтік "Реалдың" қорғаушысы Серхио Рамос, жартылай қорғаушы Хаби Алонсо, ағылшындық «Ливерпульдің» капитаны Стивен Джеррард, "Миланның" бұрынғы қорғаушысы  Дженаро Гатузо жүр.

Естеріңізге сала отырсақ, дәл қазіргі уақытта Роналдиньо бразилиялық «Атлетико Минейро» клубы сапында тер төгеді.

Ертеректе оңтүстік америкалық футболшының Еуропаға қайта оралатыны туралы айтылып келіп еді. Кейіндеу бұл ақпар теріске шығарылып, Түркияның дәулетті командалары әйгілі аяқдопшымен арада келісімге отыра алмағанын жеткізді. 

Роналдиньо өзінің футболдағы мансап жолында тамаша матчтарды бастан өткерді. Төрткүл дүние жартылай қорғаушының орындауындағы керемет голдар мен дриблингтерге куә болды.

Видеороликте каталондық "Барселонаның" және Аргентина ұлттық құрамасының шабуылшысы Мессидің әлемдік футбол жұлдыздарына қарсы өткерген ойындары топтастырылған.

Бүгінде Марадонаның отандасы бағындырмаған бір биік қалды - Әлем Чемпионатының кубогі. "Блауграна" сапында доп теуіп келе жатқан ойыншы алда келе жатқан Әлем Чемпионатына қатысады. 

Мессидің сол аяқпен доп алғандағы жүрісі талайды таңдай қақтырады. Аргентиналық "балақай" құдды допты аяғына желімдеп алғандай болады. Қорғаушы мен қақпа маңындағы тапқырлығы үшін оны әріптестері "бүрге" деп атайды екен. 

Видеороликте мадридтік "Реалдың" және Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Роналдудың әлемдік футбол жұлдыздарына қарсы өнері топтастырылған екен.

Роналду іріктеу кезеңінде көп қиындық келтірсе де, ұлттық құрамасын Әлем Чемпионатына шығара алды. Сол арқылы ол өзінің нағыз көшбасшы ойыншы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мансап жолы қызған шақта Испанияға қоныс аударып, Мессимен бәсекелестікте жеңіліп келген ойыншы осы жылы "Алтын доп" сыйлығына лайықталды.

"Корольдік клубтың" шабуылшысы баспен де, аяқпен де, тіпті кезі келсе денесінің өзге де бөліктерімен жақсы өнер көрсете алады. 

Видеороликте лондондық "Челсидің" және Бельгия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Азардың әлемдік футбол жұлдыздарына қарсы өткерген ойындары топтастырылған. 

Лондондық "ақсүйектердің" бұл күндегі мақтанышы осы маусымда өзінің жарқын ойын өрнегімен көзге түсіп жүр. Жылдамдығы мен шеберлігіне иек артқан ойыншы, мақтауға сараң Жозенің өзінен қошемет сөздерді естіп тұрады. 

Азар Бельгия ұлттық құрамасы сапында Бразилияда өтетін Әлем Чемпионатына қатысады. Көпшілік мамандар қазірден-ақ Бельгия ұлттық құрамасының мүмкіндіктерін саралап, үлкен жетістіктерге жету ықтималдылықтары туралы айтуда.

Видеороликте мюнхендік "Баварияның" және Германия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Марио Гетценің әлемдік футбол жұлдыздарына қарсы өткерген ойындары топтастырылған.

Дортмундық "Боруссиядан" өткен жылы ауысып келген ойыншы "неміс машинасы" сапында керемет ойын үлгісімен көзге түсіп жүр. Пеп бапкердің алға қойған тапсырмасын тыңғылықты орындайтын жартылай қорғаушы Германия құрамасы сапында Әлем Чемпионатына барады.

Өз кезегінде, Германия ұлттық құрамасының жаттықтырушылары Гетцеге көп үміт артады. Халықаралық турнирлерде ысылып қалған ойыншы осы жазда өз командасын жеңіске бастайды деп үміттенеді. Құраманың жаттықтырушысы Лев осы бір ойыншыны Лионель Мессимен бір қатарға қойып жүр.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: videos-football.com

Л. Лига