Нөмірі ерекше футболшылар

Нөмірі ерекше футболшылар

Футбол әлемінде талай қызықтар болып жатады. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға ерекше нөмірлі жейдемен алаңға шығып өнер көрсеткен футболшыларды таныстырмақпыз...

Жасыл алаңда өнер көрсететін көптеген футболшылар жейдесіндегі нөміріне баса назар аударатыны анық. Ол оның сүйікті саны болуы ғажап емес. Сонымен, ең ерекше нөмірлерді кімдер киді екен?

1.Хишам Зеруали («Абердин», Шотландия) Ойнаған нөмірі: 0 

Марокколық футболшының есімі Шотландия футбол жанкүйерлеріне етене таныс. «Абердин» командасының белді футболшысын жергілікті жанкүйерлер «Зеро» деп атаған екен. Яғни ол алаңда «0» деген нөмірмен өнер көрсетуіне байланысты. ФИФА 1 мен 99 арасындағы сандарды жейдеде нөмірлеуді бекіткенімен, Хишам Зеруали «0» нөмірімен өнер көрсете беріпті. Бірде «Данди» қақпасына үш бірдей гол соққаннан кейін «Зероны» атақты «Манчестер Юнайтед» өз сапына шақырып, сүйікті нөмірінде ойнауға ұсыныс жасапты. Алайда футболшы Таяу Шығыста доп тебуді қалаған. 2004 жылы Мароккоға қайта оралған Хишам Зеруали Рабат маңында жол апатына ұшырап, қаза тапқан. Ал «Абердин» командасы «0» нөмірі бар футболшы жейдесін команда мұражайында сақтап келеді.

2. Симон Вукчевич («Партизан», Сербия) Ойнаған нөмірі: 1

Симон Вукчевич 2003-2005 жылдары «Партизан» клубының намысын қорғап, алаңда «1» деген нөмірмен өнер көрсеткен. Талантты футболшы белградтық клуб сапында  осы ерекшелігімен қалды. Негізінен аталған санды командада қақпашылар иеленеді. Қазіргі таңда жартылай қорғаушы «Войводина» командасында 33-ші нөмірмен доп теуіп жүр.


Рожерио Сени («Сан-Паулу», Бразилия) Ойнаған нөмірі: 01

 

Бразилиялық қақпашы-сұрмерген футбол тарихында айып соққысы мен пенальтиді сәтті орындауымен қатар, ерекше нөмірмен де өнер көрсетуімен аты мәлім. Бірде ол алаңға «618» деген нөмірлі жейдемен де шығыпты. Бұл оның «Сан-Паулу» сапындағы 618-ші кездесуі екен.  Бұл жағдай бір рет қана орын алса, қақпашы 01 нөмірімен жасыл алаңда талай кездесулер өткізген. 

Лука Буччи («Наполи», «Парма», Италия) Ойнаған нөмірлері: 5, 7, 10


Лука Буччи спорттағы мансабын «Парма» командасында бастап, бутсысын шегеге осы командада ілді. Қақпашының ерекшелігі алаңға командада көбіне алдыңғы шепте ойнайтын футболшылар иемденетін нөмірлермен өнер көрсеткен. 

Кристиан Лупателли («Кьево Верона», Италия) Ойнаған нөмірі: 10


Қақпашы Кристиан Лупателли «Кьево» командасында «10» деген нөмірмен алаңда ойнаған. Ал «Ромаға» ауысқаннан кейін «3» нөмірін еншілеген.

Андреас Херцог (Австрия) Ойнаған нөмірі: 100

 

Андреас Херцог  - ФИФА Еуропада 3 санды жейдені киіп шығуына рұқсат берген бірден-бір футболшы. Ол өзінің ұлттық құрамадағы 100-ші кездесуінде жанкүйерлеріне осындай тосын сый жасаған екен.

Адольфо Баутишта («Чивас», Мексика) Ойнаған нөмірі: 100

Мексикада көп уақытқа дейін 3 санды жейдемен алаңда өнер көрсетуге тиым салынбаған. Сондықтан бұл елде бірнеше футболшы 100 немесе 100-ден жоғары нөмірі бар жейделермен алаңда доп тепкен. Солардың бірі – «Чивас» командасының сұрмергені Адольфо Баутишта. Ол бірнеше маусым бойы 100-ші нөмірмен командасының намысын қорғаған. Бір қызығы жейдесіне өзінің атын жазбай, «Бофо, сен - менің періштемсің» сөз орамын жаздырып өнер көрсеткен.

Хесус Арельяно («Монтеррей», Мексика) Ойнаған нөмірі: 400


Мексикалық «Монтеррей» командасының футболшысы Хесус Арельяно 1996 жылы туған қаласының 400 жылдық мерекесіне орай, алаңға 400-ші нөмірлі жейде киіп шығыпты.

Иван Саморано («Интер, Италия) Ойнаған нөмірі: 1+8


Иван Саморано «Реал» сапында «9»-шы нөмірмен ойнаған. Кейіннен «Интерге» ауысқаннан кейін «9» нөмірдің бос болмауының салдарынан сүйікті санына қолы жетпей қалады. Алайда қу чилилік футболшы «18» деген нөмірді иеленіп, екі санның ортасына +(қосу белгісі) белгісін қосып алаңда өнер көрсеткен.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: mn.ru, vk.com

О. Сансызбай