Футбол жаңалықтары

Футбол жаңалықтары

Еуропа алаңдарында трансфер маусымы қызып тұр. Футбол базарындағы соңғы ауыс-түйістерден хабардар болыңыздар!

Кевин Гамейро «Севильяға» ауысты


Францияның және «ПСЖ» клубының шабуылшысы Кевин Гамейро испандық «Севильяға» ауысатын болды. Бұл туралы Le Parisien басылымы хабарлап отыр.

26 жастағы футболшы жақын күндері испандық команданың медициналық тексеруінен өтеді. Гамейроның трансферлік ауысым құны 28 миллион еуроға бағаланған.

2012-2013 жылғы маусымда Кевин Гамейро «ПСЖ» сапында 25 кездесуге қатысып, соның 8-де ерекше көзге түскен екен.

 Нани «Манчестер Юнайтедтен» кететінін мәлімдеді


Ағылшындық «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсететін португалдық жартылай қорғаушы Луи́ш Нани команда ауыстыратынын мәлімдеді.

Португалдық футболшы мен «қызыл сойқандар» арасындағы келісім-шарт 2014 жылға дейін жасалған болатын. Алайда қосалқы құрамда қалып жүрген футболшы команда ауыстырғанды жөн көрген секілді. Әзірге манчестерлік команда Наниды 10 миллион еуроға бағалап отыр.

Қазіргі таңда 26 жастағы жартылай қорғаушымен Францияның «Монако» клубы келіссөздер жүргізіп жатыр. Егер Нани француз командасының жейдесін киетін болса, клуб басшылығы футболшыға жылына 7 миллион жалақы төлейтінін айтуда. Сонымен қатар, Еуропаның танымал «Интер», «Рома», «Тоттенхэм» және махчкалалық «Анжи» футбол ұжымдары да Наниге қызығушылық танытуда.

Роберто Сольдадо ағылшын жерінде доп тебуі мүмкін


Испаниялық «Валенсия» футбол командасының шабуылшысы Роберто Сольдадо жақын арада ағылшындық «Тоттенхэмге» ауысуы мүмкін. Бұл туралы испандық Marca басылымы хабар таратып отыр.

Испания құрамасының шабуылшысының трансферлік құны 30 миллион еуроны құрады. Алайда ағылшындық футбол клубының ұжымы «Валенсияға» 26 миллион еуро ұсынуда. Әзірге қос ұжым келіссөздер жүргізуде. Егер испандық шабуылшы «Тоттенхэм» сапын толықтыратын болса, футболшының жылдық табысы 3,5 миллион еуроны құрамақ.

Гонсало Игуаин  «Наполи» жейдесін киеді


Мадридтік «Реалдың» атақты шабуылшысы Гонсало Игуаин италияндық «Наполи» командасына ауысатын күн алыс емес. Осы уақытқа дейін аргентиналық шабуылшы үшін ағылшындық «Арсенал» клубы талас жүргізіп келген болатын. Алайда канонирлік команда «корольдік клубқа» 28 миллион еуродан артық шығындалмайтынын жеткізген-ді.

AS басылымының хабарлауы бойынша, «Наполи» басшылығы мадридтік клубқа 37 миллион еуро ұсынған. Егер аргентиналық шабуылшы команда сапында керемет көрсеткішке қол жеткізіп жатса, италияндықтар «Реалға» тағы да 3 миллион еуро беретінін жасырмады. 25 жастағы шабуылшы жақын күндері Италияға жол тартады. Игуаинның жылдық жалақысы 6 миллион еуроны құрап отыр. Бұдан шабуылшыға «корольдік клуб» төлеген жалақыдан 1 миллион көп екені анық.

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

суреттер: sport-xl.net, vk.com

О. Сансызбай