Ең қымбат 10 трансфер: Мендьетадан Роналдуға дейін

Ең қымбат 10 трансфер: Мендьетадан Роналдуға дейін

Бүгін біз сіздерге әлемдік футбол тарихында осы күнге дейін орын алған трансферлердің ең қымбат ондығын ұсынамыз.

1. КРИШТИАНУ РОНАЛДУ, «МЮ»  «Реал», 2009/2010. 94 миллион еуро 

Бірінші орынды португалиялық ойыншы бастап тұр. Оның ауысымы осы күнге дейін рекордты қаржы болып отыр. Роналдудың корольдік клубқа ауысуы 2008 жылдың қыс айынан басталып, 2009 жылдың жазында аяқталды. Екі жақтың келісімге келуі де ұзаққа созылды. Ал ойыншының өзі болса: ""Реалда" ойнау - менің ең үлкен арманым" деп айтудан еш жалыққан жоқ. Сонымен футболшының арманы орындалып, ол 2009 жылдың жазында атақты "Сантьяго Бернабеуді" бағындыруға Мадридке келді.   

"Реал" Роналдуға 94 миллион еуроны босқа жұмсаған жоқ. Ол клубқа келе салысымен, әлемдегі үздік футболшылардың бірі екендігін көрсетті. Ол біз ойнайтын футбол симуляторындағы ойыншылар сияқты гол салудан шаршамады. Рекорд үстіне рекорд орнатумен болды. Оның бұл ойыны клуб үшін де үлкен жарнама болды. Алайда ол "МЮ" қатарында жүріп ұтып алған ЧЛ кубогын "Реал" сапында әлі күнге дейін ала алмауда. Мүмкін футболшы жақын болашақта өз арманын іске асырып қалар. 

2. Зинедин ЗИДАН, «Ювентус»  «Реал». 2001/2002. 73,5 миллион еуро

XXI ғасырдың басындағы футбол әлемі үшін осындай қаржыға футболшы сатып алу дегеннің қиял болғаны анық. Алайда оны ақиқатқа айналдырған сол Мадридтің "Реалы". Бұл оқиғаның айтулы қаһарман ойыншысы 29 жасар Зинедин Зидан. 1998, 2000 және 2003 жылдардағы әлемнің үздік футболшысы "Реалға" чемпиондар Лигасының кубогын алып берді. "Байерге" қарсы өткен финалдық матчта Зизудың соққан голы көпшіліктің есінен кете қоймаған шығар?   

3. Златан ИБРАГИМОВИЧ, «Интер»  «Барселона». 2009/2010.  69,5 миллион еуро

Швед футболшысы Златан Ибрагимович те кезінде Интерден Барсаға қомақты қаржыға ауысып келген болатын. Алайда "Интерде" жасаған ерлігін "Барселонада" толықтай қайталай алды деп айта алмаймыз. Ол Барсадағы жылдарын: "Маған өз ойынымды көрсетуге мүмкіндік берілмеді. Месси тек орталық шабуылда ойнағанды қалады. Ибрагимович соның құрбанына айналды. Ал Гвардьола болса футболшыларға өз сөзін жүргізе алмаушы еді. Оның қалағаны болмады",-деп есіне алады. Ал Пеп Гвардиола болса ол жөнінде: "Ибрагимович - өзімшіл. Ол біздің командағы сіңісіп кете алмады",-дейді. Осылайша швед ойыншысына жұмсалған үлкен қаржы каталониялық клубқа үлкен көмегін тигізді деп айта алмайсыз. 

4. КАКА, «Милан»  «Реал». 2009/2010. 65 миллион еуро

Төрт жыл бұрын бразилиялық ойыншы корольдік клубқа дәл осындай қаржыға ауысып келген еді. "Реал" оны клуб ойынына үлкен дем береді деп ойлағаны анық. Шыны керек, "Реал" үшін ол кезде әлемде одан асқан талантты ойыншы болған жоқ. Сонымен "Какаға" жұмсалған ақша ақталды ма?

Өкінішке орай жоқ. Ойыншы жарақаттар мен психологиялық проблемалардан көз ашпады. Ақыр соңында клуб дарынды бразилиялықты жоғалтып тынды. Бір сөзбен айтқанда Каканың ойыны "Реалда" жүрмеді. Қазір ол "Миланға" қайтуды жоспарлап жүрген көрінеді. Бәлкім кезінде жасындай жарқылдаған клубы бұл жолы да оған сәттілік алып келер? Не десек те, барлық мәселенің шешімін биылғы трансферлік маусым көрсетеді. 

5. Луиш ФИГУ, «Барселона»  «Реал». 2000/2001. 60 миллион еуро

Португалиялық дарын Луиш Фигудың Мадридке қалай ауысқаны көпшілік жанкүйердің есінде болар. Екі бірдей ұлы клубта ойнауға шешім қабылдаған Фигудың абыройы Каталонияда жұрдай болды. Бірақ ол корольдік клубқа келе салысымен көшбасшыға айнала білді. Португалиялық ойыншы "Реалмен" бірге чемпиондар Лигасын ұтып алды. Ал "Барсада" ол мұндай жетістікке жете алмаған еді. Алайда сол баяғы каталониялықтарға жасаған "опасыздығы" оған кейінгі чемпионаттарда да маза бермеді. 

6. Фернандо ТОРРЕС, «Ливерпуль»  «Челси», 2010/2011. 58,5 миллион еуро

Фернандо Торреске жұмсаған осы қаржы Челсидің тарихындағы ең тиімсіз жасаған келісім ретінде қарастырылады. Ливерпульде жұлдызы жарқыраған футболшы "ақсүйектерге" келіп өз білгенінен жаңылғаны рас. "Ливерпульде" мамандар оны қатты сыйласа, жанкүйерлер оны жақсы көрді, ал қарсыластары одан ығатын еді. Ал "Челсиге" келісімен барлығы да өзгеріп сала берді. Мамандар күлсе, жанкүйерлер мазақ қылды, қарсыластары қорықпайтын болды. Биылғы маусымда соққан 23 голы да, клубтың Еуропа Лигасын ұтып алуы да жағдайды өзгерте қойған жоқ. Торрес бәрібір де клуб тарихындағы ең сәтсіз трансфер болып қалды. 

7-8. Эрнан КРЕСПО, «Парма»  «Лацио», 2000/2001. 55 миллион еуро

"Лужникиде" Эрнан Креспоның соққан голы жанкүйерлер есінде. 1999-2000 жылғы УЕФА Кубогы жолында финалдық матчта француздық "Марсельге" қарсы ойында ол "Парма" сапында көзге түскен еді. Футболшының жарқын келешегін көре білген "Лацио" оған бірден 55 миллион еуросын да аямады. Оны талантты деп айта алмайсыз, бірақ жолы болғыш екені рас. Матч бойына көрінбей келіп, аяқталар тұста жарқ етіп командаға жеңіс алып келу оның қолынан келетін. Жаңа клубқа ауысып келген бойда Эрнан Креспо А серияда бомбардир атанды. Екі жылдың ішінде ол 48 голдың авторы атанып үлгерді.  

7-8. ХАЛК, «Порту» → «Зенит», 2012/2013. 55 миллион еуро

Ресейдің спорттық баспасөздерінде үлкен тақырыпқа айналған осы Халктың трансфері. Оны әркім әртүрлі талқылап жатты. Біреулер "мұндай талантты бразилиялық футболшы Ресейде болған емес" десе, бәзбіреулер Газпромды "есепсіз қаржы шашты" деп айыптады. Бірақ кім не десе де Халк "Зенит" жанкүйерлерінің сенімін ақтады. Командасының пайдасына соққан голдары мен нәтижелі пастары да аз емес. Футболшы өзінің тамаша ойын өрнегін әлі де көрсетеді деп сенеміз.  

9. Джанлуиджи БУФФОН, «Парма» → «Ювентус», 2001/2002. 54 миллион еуро

Тарихтағы ең қымбатқа түскен қақпашы. Арада 12 жыл уақыт өтсе де Буффоннан асып ешкім өз клубын 54 миллион еуролық межеден асып байытқан емес. Қазір футбол трасферіндегі қаржының көлемі өссе де, италиялық қақпашы голкиперлер арасында әзірге бірінші орынды ұстап тұр. 

Буффон өзіне жұмсалған қаржыны толықтай ақтамаған да болар. Әйтсе де клуб қатарында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Кезінде "Ювентус" В сериясына түсіп қалғанда да, ол командада қалып, өзінің әрқашан клубпен бірге екендігін көрсетті.  

10. Гаиска МЕНДЬЕТА, «Валенсия» → «Лацио», 2001/2002. 48 миллион еуро

Жоғарыда аттары аталған футболшылар ішіндегі ең сәтсіз трансферге ұшыраған кім десеңіз, оның жауабы - Гаиска Мендьета. Әрине "Лацио" да оны жұлдызы жанып тұрған шағында сатып алды. Сондықтан да оның бағасы шарықтап тұрды. Алайда ол "Валенсиядағы" ойынынан "Лациоға" келе салысымен бірден айырылды. Сондықтан да әлем оны бірден ұмытты. Ол "Валенсияда" тек достарын ғана емес, көпті таң қалдырған талантын да тастап кеткендей болды.    

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: out-football.com

Б. Қосмағамбет