Моуринью "Челсимен" келісімге келді

Моуринью "Челсимен" келісімге келді

"Реал" командасының бас бапкері Жозе Моуринью жазғы маусымда лондондық "Челсиге" оралмақшы. Бұл туралы Le10Sport хабарлайды.

Ертеректе баспасөз беттерінде елу жастағы португалдық маманның осы маусымның соңында корольдік клубпен қош айтысатыны туралы көп айтылып келген болатын. Аталған клубтан кетуіне ойыншылармен арадағы дау-жанжалдар себеп болған. Ол қатарда қосалқы құрамда қалып қалған команда капитаны Икер Касильяпен ортақ мәмілеге келе алмай, жиі-жиі керісіп қала беретін көрінеді. 

Оның үстіне корольдік клубқа ішкі біріншілікте жеңімпаз болу енді екіталай жағдай сияқты. Ла Лигасының соңғы жеті турында каталондық "Барселона" командасынан 13 ұпайға қалып келе жатыр.

Le10Sport басылымының хабарлауынша, португалдық маман лондондық клубтың басшылығымен арадағы келіссөзді наурыз айының орта тұсында жасап қойған. Екі жақтың өкілдері ортақ келісімге енді келіпті. Айтылып отырғандай, "Челси" басшылығы Моуриньюге үш жылдық келісім-шартты ұсыныпты. Ақпарат көзіне сенсек, белді бапкер Англияда жылына 10 мен 15 млн еуро аралығында табыс таппақ.

Моуринью "Челси" клубын 2004 пен 2007 жылдар аралығында жаттықтырған болатын. Бапкерлік еткен жылдарда лондондық ақсүйектер Англияның ішкі біріншілігін екі рет, және Англия Суперкубігі мен Кубігін бір-бір мәртеден жеңіп алған еді.

Жозе Моуринью, "Реал" командасының бас бапкері:

"Реалмен" қош айтысқан соң, Англияға ораламын. Уақыты келгенде, көре жатармыз. Мен Англияға қатысты бар нәрсені жақсы көремін. Ендігі жүріс Англияда жасалмақ".

Естеріңізге сала отырсақ, France Football басылымының санағы бойынша, корольдік клубтың бас бапкері әлемдегі ең көп жалақы алатын жаттықтырушы екен. Оның табысы – 14 миллион еуро.

 

 

сурет:chelsea-fans.com

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига