Массагет бәйгесі. Жеңімпаз атануға асығыңыздар

Массагет бәйгесі. Жеңімпаз атануға асығыңыздар
Фото: Sports of the Day, rsport.ru

Футболдан әлем чемпионатының төртінші күнінде 3 матч өтеді. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі өз жалғасын табады. Олай болса ойындарға қысқа шолуымызды ұсынамыз.

Коста-Рика – Сербия

"Е" тобындағы алғашқы ойынды Коста-Рика мен Сербия құрамалары бастайды. Самарадағы "Космос Аренада" өтетін кездесу Астана уақытымен сағат кешкі 18:00-де басталады. Қазақстандық спортсүйер қауым бұл ойынды QazSport арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Футбол тарихында қос құрама осыған дейін кездеспеген. Сербтер әлем чемпионатына екінші рет қатысқалы жатса, Коста-Рика құрамасы бесінші рет бақ сынамақ.

Осыдан 4 жыл бұрын Бразилияда өткен мундиальда коста-рикалықтар нағыз сенсация жасады. Англия, Италия мен Уругвай құрамаларын артта қалдырып, топта бірінші орын алды. 1/8 финалда Грекия құрамасын жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда Нидерланд құрамасымен тең ойнап, пенальти сериясында есе жіберді. Биыл да осал топқа түскен жоқ. Бразилия, Швейцария және Сербия... Ресейде де Коста-Рика құрамасы тосынсый жасай ала ма? Қиындау...

Сербия әлем чемпионатына жолдама алғаннан кейін бас жаттықтырушысын алмастырды. Славолюб Муслиннің орнына Младен Крстаич келді. Бірнеше жолдастық кездесулер өткізіп, бірде ұтты, бірде ұтылды. Алғашқы ойынды жеңіспен бастауларына мүмкіндігі мол-ақ.

Ойынға сенегалдық төреші Маланг Диду қазылық жасайды.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Коста-Рика: Навас - Овьедо, Дуарте, Акоста, Гонсалес, Гамбоа - Боланьос, Гузман, Боргес, Руиз – Уренья

Сербия: Стойкович - Коларов, Тошич, Миленкович, Иванович - Милинкович-Савич, Матич - Костич, Льяич, Тадич - Митрович

Германия – Мексика

2014 жылы Бразилияда бағы жанған немістер бүгін топтағы алғашқы ойынына шығады. Қарсыластары – Мексика құрамасы.

Германия құрамасы әлем чемпионатына іріктеуді 100% жеңіспен аяқтады. Топтағы 10 ойында да жеңіске жетті. Кейіннен жолдастық кездесулерде ала құла ойнады. Ресейдегі додаға дайындалу мақсатында түрлі тәжірибелерді орындап көрсе керек.

Қос құрама соңғы рет 2017 жылы өткен Конфедерация кубогында кездесті. Немістер 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Мексика – топтағы екінші фаворит ұжым. Сарапшылар пікірін саралайтын болсақ, Швеция мен Оңтүстік Кореядан бір адым алда екен. Әйткенмен бұл екі құраманың да өз айтарлары бары сөзсіз.

Мексикалықтардың құрамы немістердікі секілді жұлдызды ойыншылардан құралмаған.  Карлос Вела, Хавьер Эрнандес, Хесус Корона, Ирвин Лозано, Андре Гуардадо, ағайынды Дос Сантостар секілді жұрт танитын ойыншылары бар.

Ойын Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады. Мәскеудегі "Лужники" стадионында өтетін кездесуге ирандық төреші Алиреза Фагани қазылық жасайды. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсетеді.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Германия: Нойер – Киммих, Хуммельс, Боатенг, Хектор – Хедира, Кроос – Мюллер, Озил, Ройс – Вернер

Мексика: Очоа – Альварез, Сальседо, Морено, Галлардо – Гуардадо, Эррера, Лаюн – Вела, Чичарито, Лозано

Бразилия – Швейцария

Бразилия мен Швейцария – әлем чемпионатына нағыз бабында келген құрамалар. Селесао бір жылдан бері жеңіліп көрген жоқ. Тито бапкер ең мықты ойыншыларын жинақтап Ресейге бастап келді. Ал швейцариялықтар алғашқй ойыннан бастап-ақ ұпай алғысы келеді.

Бразилия 2014 жылы өз жерінде өткен әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жетті. Финал жолдамасы үшін Германияға қарсы өткізген ойындарын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. 7:1 есебімен ұтылды. Биыл мұндай қателік жібермеуге тырысады. Қазіргі пентакампеондардың құрамы – кіл мықты ойыншылардан тұрады. Сен тұр, мен атайыннан.

Швейцария – командалық ойыны толысқан құрама. Іріктеу кезеңінде соңғы ойындарға дейін көш басында тұрды. Алайда соңғы ойында ғана Португалияға жол берді. Нәтижесінде Солтүстік Ирландиямен қосымша жолдама үшін өткен ойында жеңіске жетті.

Екі құрама арасындағы ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:00-де басталады. Қазақстандық жанкүйерлер ойынды Qazaqstan телеарнасынан тамашалай алады. Кездесуге мексикалық тқреші Сизар Артуро Рамос қазылық жасайды.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Бразилия: Алиссон – Марсело, Силва, Миранда, Данило, Коутиньо, Каземиро, Паулиньо, Неймар, Жезус, Виллиан. 

Швейцария: Зоммер – Родригес, Аканжи, Шер, Лихштайнер, Джака, Берами, Цубер, Джемаили, Шачири, Сеферович.

Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз. 

Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.

Болжамдар бәйгесіне бүгіннен бастап та қатыса берсеңіздер болады. Өйткені алда әлі  56 ойын бар. Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Болжамдар бәйгесінің ережесі

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі

Ө. Сансызбай