Бірегей рекордтар орнатқан "Сарыарқа" хоккей клубы Жоғары лигаға шыға алмай отыр

Бірегей рекордтар орнатқан "Сарыарқа" хоккей клубы Жоғары лигаға шыға алмай отыр
Фото: © hc-saryarka.com

Қарағандылық "Сарыарқа" хоккей клубының жанкүйерлері облыс әкіміне команданы Жоғары хоккей лигасына қайтару туралы өтінішпен қол жинады. Пандемияның алғашқы жылы қарағандылық "Сарыарқа" Жоғарғы лигадан уақытша бас тартқан. Ол Қазақстан хоккей федерациясының ұсынысы бойынша ел чемпионатына ауысқан. Бірақ содан бері ол ел чемпионатында өнер көрсетіп келе жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сарыарқа" хоккей клубының жанкүйерлері команда жайлы барлық ақпаратты жатқа біледі. Жоғары хоккей лигасындағы сегіз жыл ішінде "Сарыарқа" екі рет чемпионаттың жеңімпазы, лиганың екі мәрте жеңімпазы және Братина кубогы мен Петров кубогының иегері атанған. Сонымен қатар, бірегей рекордтар орнатқан. "Сарыарқа" бұл лигадағы ойындарына ең көп жанкүйер баратын клуб болғаны да белгілі. Алайда 2020 жылы пандемия кезінде Қарағанды хоккей клубына қатысты бірқатар өзгеріс болды.

"Пандемиядан кейін қаламыздағы хоккей деңгейі төмендеді. Жанкүйерлер ойынға келуді азайтты. Бұған дейін мүлдем басқа бәсекелестік, басқа ойын деңгейі болатын", - дейді клуб жанкүйері Айдын Әлжанов.

Алдын-ала жоспар бойынша қарағандылық ұжым жарыстан небәрі бір маусымға бас тартқан. Бірақ пандемия ұзаққа созылып, клуб бүгінге дейін Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп келеді.

"Сарыарқа" клубының спорттық шеберлігі мен әлеуеті өткен үш маусымнан байқалды. Қалған 11 командадан едәуір жоғары. Ал одан әрі өсуі үшін спортшыларға лайықты бәсекелестер болуы керек", - дейді жанкүйерлер.

Өтініш хатқа 450 жанкүйер қол қойған. 

"Қарағандылық ұжым Жоғары хоккей лигасына қатысуға өтініш бере алады. Алайда тек бюджеттен тыс қаражат болған жағдайда", - дейді Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Наталья Темирбаева.

Айта кетейік, Қазақстанда жүзге жуық кәсіби спорт клубы жұмыс істейді. Олардың 2020 жылға арналған жылдық бюджеті 55,5 миллиард теңге болған. Қысқартылған бюджеттің бір бөлігі бұқаралық спортқа жұмсалған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова