Александр Бублик Марсельдегі турнирдің жартылай финалында жеңіліп қалды

Александр Бублик Марсельдегі турнирдің жартылай финалында жеңіліп қалды
Фото: Reuters

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Марсельде (Франция) өткен ATP 250 турнирінің жартылай финалында жеңілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

25 ақпанда АТР рейтингінде 50-орында тұрған, Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик дүниежүзінің 11-ракеткасы поляк Губерт Хуркачпен ойнап, 4:6, 6:7 (4:7) есебімен жеңіліп қалды. Матч 1 сағат 35 минутқа созылды.

Айта кетейік, Бублик ширек финалда болгариялық теннисші, дүниежүзінің 25-ракеткасы Григор Димитровты сенсация жасап жеңген еді.

Қазақстандық үшін бұл бес айдағы алғашқы жартылай финал болды.

Бұған дейін Қазақстанның теннис бойынша ерлер құрамасы Дэвис Кубогының іріктеу кезеңінде жеңілді. Команда Чилиге қарсы ойнады. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликтің Кристиан Гаринге қарсы матчы шешуші болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан