Роналду мен Мессидің соңғы текетіресі. Эр-Риядта ерекше матч өтті

Роналду мен Мессидің соңғы текетіресі. Эр-Риядта ерекше матч өтті
Фото: BBC Sport

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Роналду мен Мессидің соңғы текетіресі саналған ерекше ойын өтті. Францияның ПСЖ клубымен жергілікті «Әл-Наср» және «Әл-Хилал» командаларынан жасақталған құрама қарсы ойнады.

Ойында 5:4 есебімен ПСЖ клубы жеңіске жетті. Ал 2,5 жылдан бері бір-біріне қарсы ойнамаған Роналду мен Месси текетіресі жанкүйерлер назарын ерекше аударды. Ойын алдында екі футболшы қол алысып, жылы жүздесті. Кездесуден кейін де португалдық ойыншы ескі достарын көргеніне дән риза екенін жеткізді.

ПСЖ командасы алаңға кіл мықты ойыншыларын шығарды. Олардың қатарында Килиан Мбаппе мен Неймар да болды. Ал бірінші болып ойынның 3-минутында-ақ Месси гол соқты.

Жарты сағаттан соң Криштиану Роналду пенальтиді сәтті орындап, таразы басын теңестірді.

39-минутта ПСЖ ойыншысы Хуан Бернат ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды. Бірақ бұл париждік команданың ойынына көп кедергі келтіре қойған жоқ.

Бірінші тайм аяқталғанға дейін Маркиньос бір голды еншісіне жазса, Роналду дубль авторы атанып шықты. Сондай-ақ Неймар пенальтиден мүлт кетіп, өз мүмкіндігін пайдалана алған жоқ.

Екінші таймда да голдар сериясы жалғасты. ПСЖ сапынан Серхио Рамос, Мбаппе және Экитеке гол соқса, жергілікті командалардан құрамнан Хен-Су Чжан және Андерсон Талиска мергендігімен көзге түсті.

61-минутта Роналду, 62-минутта Месси, Мбаппе, Неймар және Рамос алаңдағы орындарын босатып, алмасып шықты.

Криштиану Роналду кездесудегі үздік футболшы атанды.

Спорт эмоцияларының бас демеушісі – 1XBET компаниясымен чемпионды бірге таңдайық!

Н. Үсенова