Роналдудың Португалиясы ширек финалға шыға ала ма?

Роналдудың Португалиясы ширек финалға шыға ала ма?
Фото: Reuters

Бүгін Катардағы әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында соңғы екі матч өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Испания құрамасы плэй-офф кезеңіндегі алғашқы матчінде Мароккомен кездеседі. Бұл ойын елорда уақытымен 21:00-де басталады.

Испания құрамасы топтық кезеңде 4 ұпай ғана еншілей алды. Тек бірінші турда Коста-Риканы 7:0 есебімен тас-талқан етті. Кейін Германиямен тең түсіп, Жапония құрамасынан жеңіліп қалды. Сондықтан испан футболшылары биыл нағыз бабында деуге келмейді. Кейінгі екі матчінде әдемі футбол көрсете алмады.

Испаниялықтар әлем чемпионатының ширек финалына 2010 жылдан бері шыға алмай жүр. 2014 жылы топтық кезеңнен үйіне қайтса, 2018 жылы Ресейден 1/8 финалда жеңіліп қалған еді.


Фото: Reuters

Ал Марокко құрамасы 36 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының плэй-офф кезеңіне шықты. Топта Бельгия мен Канаданы қиналмай жеңіп, Хорватиямен тең түскен. Осылайша, топтық кезеңде 7 ұпай еншілеген алғашқы африкалық құрамаға атанған болатын.


Фото: Reuters

Командалар тарихта үш рет кездескен. Алғашқы екеуі 1961 жылы болып, екеуінде де испан футболшылары жеңген. Ал кейінгі текетірес 2018 жылы Ресейдегі әлем чемпионатының топтық кезеңінде болып, командалар 2:2 есебімен тарқасқан.

1/8 финалды Португалия - Швейцария құрамасы аяқтайды. Кездесу түнгі 01:00-де басталады.

Криштиану Роналду бастаған Португалия топта Гана мен Уругвай құрамасынан басым түсіп, маңызы жоқ ойында Оңтүстік Кореядан жеңіліп қалды. Сөйтіп, плэй-оффқа бірінші орынмен шыққан еді. Жалпы, Португалия құрамасы кейінгі үш мундиальде 1/8 финалдан әрі аса алмай жүр. Бірақ португалиялықтар топтан бірінші орынмен шыққан кейінгі екі мундиальде (1966 және 2006 жылы) жартылай финалға жеткен болатын.


Фото: Reuters

Ал Швейцария топта Камерун мен Сербияны жеңіп, Бразилияға жол берді. Осылайша, қатарынан үшінші мундиальде плэй-офф кезеңіне шықты. Бұл құраманың тарихындағы ең үздік нәтиже - ширек финал. 


Фото: Reuters

Португалия мен Швейцария бұрын 25 рет кездескен. 11-інде Швейцария, 9-ында Португалия жеңіске жетіп, 5 матч тең аяқталған. Командалар биыл үшінші кездескелі отыр. Жазда Ұлттар лигасы аясында Португалия 4:0, бір аптадан кейін Швейцария 1:0 есебімен жеңген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш