ӘЧ-2022: жапондар мен корейлер тағы да сенсация жасай ала ма?

ӘЧ-2022: жапондар мен корейлер тағы да сенсация жасай ала ма?
Фото: Reuters

Бүгін Катардағы әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында кезекті екі ойын өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елорда уақытымен 21:00-де Жапония - Хорватия матчі басталады. Жапондар бұл турнирдің нағыз сенсациясы болды. Команда топтық кезеңде Испания мен Германиядан басым түскен болатын. Сөйтіп, топта бірінші орын алған еді. Бас бапкер Хадзимэ Мориясудың тактикалық өзгерістерін сарапшылар жоғары бағалайды. Катардағы мундиальде Мориясу тыңнан қосқан ойыншылар үш гол соғып, бір нәтижелі пас берген.


Фото: Reuters

Хорватия құрамасы топтан үлкен қиындықпен шықты. Бір мәрте сенімді жеңіп, екі ойында 0:0 болды. 2018 жылы финалға жеткен "шақпақ түстілер" биыл сол қарқынын көрсете алмай жатыр. Бірақ Жапонияға қарағанда хорваттар Катарда әлі жеңіліп көрген жоқ.


Фото: Reuters

Құрамалар бұған дейін үш рет кездескен. Екі құрамада бір-бір жеңістен бар және бір ойын тең аяқталған. Ал ФИФА рейтингінде хорваттар жоғары тұр - 12-орында. Ал Жапонияда 24-орында келеді.

Түнгі 01:00-де Бразилия мен Оңтүстік Корея құрамалары күш сынасады. Бразилиялықтар топтан бірінші орынмен шықты. 3-турда екінші құраммен шығып, Камеруннан жеңіліп қалғаны болмаса, алғашқы екі матчінде Сербия мен Швейцарияны сенімді жеңген еді. Оның үстіне бүгін Неймар алаңға шығуға дайын екені хабарланды.


Фото: Reuters

Ал Оңтүстік Кореяның плэй-офф кезеңіне шығуы сенсация болды. Үшінші турда Португалияны жеңіп, екінші орын алған еді. Уругвай құрамасымен ұпайы теңесіп, көбірек гол соққанының арқасында ғана плэй-офф кезеңіне өткен болатын.


Фото: Reuters

Бразилия мен Оңтүстік Корея бұған дейін 25 рет кездескен. Кейінгісі биыл ғана болған еді, бразилиялықтар жолдастық матчте 5:1 есебімен жеңді. Жалпы өзара текетірестерде Бразилия 15, корейлер 2 мәрте ғана жеңіске жеткен. Тағы сегіз матч тең есеппен аяқталыпты. ФИФА рейтингінде Бразилия құрамасы көш бастап тұр, Оңтүстік Корея - 28-орында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш