Катардағы ӘЧ: Бразилия турнирдегі үздік голдардың бірін соқты

Катардағы ӘЧ: Бразилия турнирдегі үздік голдардың бірін соқты
Фото: Reuters

Бес дүркін әлем чемпионы Бразилия құрамасы Катардағы мундиальді сенімді жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірінші турдағы соңғы матчте Бразилия G тобы аясында Сербиямен кездесті. Турнир фавориті саналатын Бразилия футболшылары үзіліске дейін жоғары деңгейлі ойын көрсете алмады. Есеп ашатын мүмкіндігі бола қойған жоқ. Ал сербтер шабуылға көп бармай, қорғаныста ойнады.

Үзілістен кейін Бразилия құрамасы шабуылды шабуылға ұластырды. Екінші таймның өзінде қарсылас қақпасына 17 соққы жасады. Сербтерді екі рет қақпа бағанасы құтқарып қалды.

62-минутта Винисиус Жуниордың соққысынан кейін доп бағанаға тиіп, кері серпілген. Допқа бірінші жеткен Ришарлисон есеп ашты. 

Ал 73-минутта Ришарлисон дубль авторы атанды. Винисиустың пасынан кейін футболшы қайшылай теуіп, есепті 2:0 қылды. Жанкүйерлер мен БАҚ-тар бұл әлем чемпионатындағы үздік гол болуы мүмкін екенін жазып жатыр.

Шабуылдағанды жақсы көретін бразилиялықтар қалған уақытты да қарсыластың жарты алаңында өткізді. Бірақ үшінші голын соға алмады. Ал Сербия құрамасының есеп айырмасын қысқартатын мүмкіндігі болмады - еуропалық ұжым 90 минутта үш қана соққы жасады, үшеуі де қиыс кетті.

Осы жеңістен кейін Бразилия үш ұпаймен G тобында көш бастады. Швейцария үш ұпаймен екінші орында. Камерун мен Сербияда ұпай жоқ.

Бразилия құрамасы келесі матчін 28 қарашада Швейцарияға қарсы өткізеді. Ал Сербия Камерунмен кім мықтыны анықтайды.

Айта кетейік, Massaget.kz порталы әлем чемпионатына байланысты болжам бәйге өткізіп жатыр. Бас жүлде - iXXi Extreme планшеті! Болжам бәйгенің ережесін толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш