Швейцариялық футболшы қарсылас командаға гол соққаны үшін кешірім сұрады

Швейцариялық футболшы қарсылас командаға гол соққаны үшін кешірім сұрады
Фото: Reuters

Швейцария құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы матчінде Камерунды минимал есеппен жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

G тобындағы алғашқы кездесу Әл-Вакра қаласындағы "Әл-Джануб" стадионында өтті. Ойынның бірінші таймында командалар гол соға алған жоқ.

Ал екінші таймның басында таблодағы көрсеткіш өзгерді. 47-минутта оң қанаттан асырылған допты швейцариялық Брил Эмболо қақпада тулатты. Эмболо Швейцария құрамасының намысын қорғап жүрсе де, Камерунда туған. Сондықтан форвард туған жерінің құрамасына соққан голды тойламай, екі қолын көтеріп кешірім сұрады.

Кездесу соңына дейін Камерун есепті теңестіруіне қарағанда, Швейцария есепті еселеуге жақын болды. Бірақ камерундық қақпашы Андре Онана өз командасын екінші голдан құтқарып қалды. Осылайша, еуропалық футболшылар 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал Камерун құрамасы әлем чемпионатында қатарынан сегізінші матчта жеңіліп қалды. Жеңіліс сериясы 2002 жылы басталған, содан бері команда мундиальдағы барлық қарсыласына жол берген. Бұл көрсеткіш бойынша антирекорд Мексика құрамасына тиесілі, бұл құрама әлем чемпионатында қатарынан 9 матчта жеңілген.

Швейцария құрамасы келесі матчін 28 қарашада Бразилияға қарсы өткізеді. Ал Камерун сол күні Сербиямен күш сынасады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш