Сауд Арабиясы футболшысының ауыр жарақаты жұртты шошытты

Сауд Арабиясы футболшысының ауыр жарақаты жұртты шошытты
Фото: Reuters

Сауд Арабиясы құрамасының қорғаушысы Ясир Әл-Шахрани әлем чемпионатындағы Аргентинаға қарсы матчта ауыр жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Ойыншы екінші таймның қосымша уақытында жарақат алды. Айып алаңында оған өз командасының қақпашысы Мохаммед Әл-Овайс соқтығысты. Қақпашының тізесі бетіне тигеннен кейін Әл-Шахраниді дәрігерлер алаңнан зембілмен алып кетті.


Фото: Reuters

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман футболшыны емдеу үшін Германияға жеке ұшақпен жіберуге бұйрық бергені атап өтілді.

БАҚ-та футболшының жағы, бет сүйегі, тістері сынғаны жазылған еді. Сауд Арабиясы құрамасының өкілдері де нақты диагнозын айтпаған. Кейін Әл-Шахрани әлеуметтік желіде видео жариялап, жағдайын айтты.

"Жағдайым жақсы. Мен үшін дұға етіңіздер. Сауд Арабиясын жеңіспен құттықтаймын", - деді ол парақшасындағы қысқа видеода.

Видеода футболшы еркін сөйлейді, жағы не бет сүйегі сынғаны байқалмайды.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы құрамасы Аргентинаны 2:1 есебімен жеңген еді. Король Салман бен Абдулазиз Әл Сауд 23 қарашаны демалыс күні деп жариялаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш