Бүгін футболдан әлем чемпионаты басталады: Катар тарихи матч өткізеді

Бүгін футболдан әлем чемпионаты басталады: Катар тарихи матч өткізеді
Фото: Reuters

Бүгін футболдан әлем чемпионаты басталады. Ашылу матчінде Катар мен Эквадор құрамалары кездеседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Чемпионаттың ашылу салтанаты 20 қарашада Астана уақытымен 20:45-те бастау алады. Оны тікелей эфирде Qazaqstan мен Qazsport телеарналары, qazaqstan.tv, qazsporttv.kz және Qazaqstan.tv қосымшасынан көруге болады.

Ал алғашқы ойында турнир қожайыны Катар мен Эквадор құрамалары кездеседі. Бұл матч елорда уақытымен 22:00-де басталады. Катар құрамасына бұл тарихи ойын болады, себебі команда алғаш рет әлем чемпионатында ойнайды.

Катар мен Эквадор тарихында алғаш рет ресми матчте кездеседі. Бұған дейін құрамалар үш мәрте жолдастық кездесу өткізген. 1996 жылы өткен екі ойынның бірінде командалар 1:1 есебімен тең түссе, артынша Эквадор басым болған - 2:1. 


Катар құрамасы. Фото: Reuters

Ал 2018 жылы құрамалар Дохада тағы бір жолдастық матч өткізіп, Катар 4:3 есебімен жеңген.

Қазір ФИФА рейтингінде Эквадор 44, Катар 50-орында тұр.


Эквадор құрамасы. Фото: Reuters

Катардағы додаға 32 команда қатысады. Катар әлем чемпионатының қожайыны ретінде автомат түрде жолдама алды. Қалғандары іріктеуден өтті. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы іріктеуден өте алмай қалған болатын.

Топтар мынадай:

A тобы: Катар, Эквадор, Сенегал, Нидерланды.
B тобы: Англия, Иран, АҚШ, Уэльс.
C тобы: Аргентина, Сауд Арабиясы, Мексика, Польша.
D тобы: Франция, Аустралия, Дания, Тунис.
E тобы: Испания, Коста-Рика, Германия, Жапония.
F тобы: Бельгия, Канада, Марокко, Хорватия.
G тобы: Бразилия, Сербия, Швейцария, Камерун.
H тобы: Португалия, Гана, Уругвай, Оңтүстік Корея.

Әлем чемпионатының кестесін мына сілтеме арқылы көре аласыздар. 


Фото: Reuters

Әлем чемпионатының 64 матчы Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан көрсетіледі. Qazaqstan телеарнасындағы ойындар тек қазақ тілінде жүргізіледі.

Тікелей эфирде қазақ тілінде Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Жандос Байділдә, Ерсін Ерікұлы, Уәлихан Қосанбай, Әлімжан Асқарұлы, Руслан Бақытжан, орыс тілінде Сергей Райлян, Ербол Қайыров, Дмитрий Настеренко, Виктор Кирилюк, Дінмұхаммед Төлегенов, Дидар Қадыров және Әділет Құсайынов комментаторлық етеді.

Айта кетейік, футболдан әлем чемпионаты 2022 жылы 20 қараша мен 18 желтоқсан арасында өтеді. Әлемдік дода алғаш рет қыста болады.

Осы әлемдік додаға байланысты Massaget.kz сайты болжам бәйге бастады. Оның ережесін мына материалдан оқи аласыздар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш