Жалғас Жұмағұловқа жеңіс бұйырмады

Жалғас Жұмағұловқа жеңіс бұйырмады

Аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов (14-8) кезекті рет жеңілістің кермек дәмін татты. Отандасымыз Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night 215 турнирінде төрешілердің бөле жарған шешімімен америкалық спортшы Чарльз Джонсонға жол берді.

Үш раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін жалғасты. Жалғас дәл соққылар көрсеткіші және шабуылда ширақ қимылдарымен көзге түскен. Бір тейкдаун да еншісінде бар еді. Алайда екі төреші америкалық спортшыны 29:28 есебімен жеңімпаз деп таныған. Бір төреші Жалғасқа басымдық берген. Нәтижесінде жеңіс қарсыласына бұйырды.

Қазақстандық спортшы UFC ұйымдастырған турнирде бесінші рет жеңіліс тауып отыр. Тек бір кездесуінде ғана қарсыласын ұтқан болатын. Ұйыммен тағы бір жекпе-жек өткізетін келісімі бар. Бірақ америкалық лига спортшының нәтижесі төмен болуына байланысты уақытынан бұрын Жалғасты жарыстарынан шеттетуі де мүмкін.

Жалғас Жұмағұлов UFC жарыстарында ең көп жекпе-жек өткізген қазақ спортшысы ретінде рекорд орнатты. Ол әлемнің ең үздік лигасында 6 рет шайқасқа шықты. Бұған дейін қазақстандық спортшылар мұндай көрсеткішке жетпеген.

Ө. Сансызбай