Тоқаев шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны құттықтады

Тоқаев шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны құттықтады
Фото: instagram.com/bibisarachess

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны өзінің twitter-парақшасында құттықтады.

"Бибісара Асаубаеваны блиц бойынша өткен әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бұл керемет жетістік барша қазақстандық үшін, әсіресе шахмат әуесқойлары үшін Жаңа жыл қарсаңындағы жағымды жаңалық болды. Бибісараның табыстан табысқа жете беруіне тілектестік білдіремін!", - делінген хабарламада,

Айта кетейік, 17 жастағы отандасымыз Бибісара Асаубаева Польша астанасы Варшавада өткен шахматтан әлем чемпионатында блиц (жылдам) жарыстан жеңімпаз атанды.

Биыл Бибісара әйелдер арасында онлайн өткен Азия чемпионатында жеңіске жетті. Ол Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Дүниежүзілік онлайн-шахмат олимпиадасында әлемнің ең мықты 8 командасының қатарына ілігіп, көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.

Т. Раушанұлы