Хоккейден Қазақстан құрамасы Финляндияны ұтты

Хоккейден Қазақстан құрамасы Финляндияны ұтты
Фото: Ольга Бугаева

Хоккейден Латвия елінің астанасы Ригада өтіп жатқан әлем чемпионатында екінші күн қатарынан Қазақстанның әнұраны шырқалды. Ұлттық құрама ойын соңындағы буллит сериясында Финляндия құрамасын ұтты.

Ойынның негізгі уақытында командалар 1:1 есебімен тең тарқасты. Бірінші болып 34 минутта Финляндия құрамасы сапында Антон Лунделл есеп ашты. Араға екі жарым минут сала қазақстандық хоккейшілер таразы басын теңестірді. Ойыншы басымдығы кезінде Кирилл Панюков шайба соқты.

Командалар овертаймда да жеңімпазды анықтай алмады. Нәтижесінде ойын соңындағы буллит сериясында отандастарымыз 4:2 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасы сапында қақпашы Никита Бояркин үздік ойыншы атанды.

Айта кетейік, күні кеше Қазақстан құрамасы ойын соңындағы буллитте Латвиядан басым болған еді. Қазіргі таңда "В" тобында 4 ұпаймен 2-орында келеді. 

Н. Үсенова