Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алды

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алды
Фото: kff.kz

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Нидерландта өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шықты. Іріктеу кезеңіндегі кезекті ойында Венгрия құрамасын ойсырата ұтты.

Будапештте өткен кездесуде Кака шәкірттері 6:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасы сапында Шыңғыс Есенаманов, Азат Валиулин, Тайнан, Дуглас және Альберт Акбаликов гол соқты. Бір голды алаң иелері өз қақпасына енгізіп алды. Ал Игита қорғаған қақпаға соғылған бір голды Венгрия құрамасының ойыншысы Золтан Дрот өз еншісіне жазды.

Қазақстан құрамасы іріктеуде төрт ойын өткізіп, финалдық жолдаманы уақытынан бұрын еншіледі. 9-шы және 11 сәуірде Нұр-Сұлтанда Израиль құрамасына қарсы ойнайды.

Осыған дейін футзалдан Қазақстан құрамасы 2016 жылы Сербияда және 2018 жылы Словенияда өткен Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде бақ сынаған.

Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Амстердам мен Гронингенде өтеді. 

Н. Үсенова