Футболдан Қазақстан құрамасы Украинамен тең ойнады

Футболдан Қазақстан құрамасы Украинамен тең ойнады
Фото: vesti.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Украинамен тең ойнады. Киевтегі "Олимпийский" стадионында өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Ойында бірінші болып Украина құрамасы гол соқты. 20 минутта Роман Яремчук алаң иелерін алға шығарды. Сондай-ақ бірінші таймда қазақстандық үш бірдей ойыншы сары қағаз алды.

Екінші тайм басында Қазақстан құрамасы бапкері Талғат Байсуфинов үш бірдей ойыншы алмастырды. Бірінші таймда ойнаған Тимур Досмағамбетов, Асхат Тағыберген және Айбол Әбікеннің орнына Марат Быстров, Рамазан Оразов пен Ян Вороговский шықты.

59 минутта Қазақстан құрамасы есепті теңестірді. Команда капитаны Азат Нұрғалиев берген допты Серікжан Мужиков шиіре теуіп, Украина құрамасы қақпасының торында тулатты.

Андрей Шевченко да ойыншыларын алмастырып, командасына тың күш қоса түсті. Жаңадан шыққан Александр Зубковта мүмкіндік болған. Қазақстан құрамасы қақпашысы Стас Покатилов допты қайтара білді.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі алғашқы ұпайына ие болды. Бірінші ойында әлем чемпионы Франция құрамасына есе жіберген-ді. Келесі ойынын 1 қыркүйек күні өз жерімізде дәл украиндарға қарсы өткізеді.

 

Н. Үсенова