Триатлон: Азия Кубогынан не күтеміз?

Триатлон: Азия Кубогынан не күтеміз?
Фото: Қазақстан триатлон федерациясы

Алматыда триатлоннан Almaty ASTC Triathlon Asian Cup-2019 Азия Кубогына арналған баспасөз конференциясы өтті. 

Қазақстанда триатлон - қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Жыл сайын республика көлемінде өткізілетін жарыстар саны артып келеді. 2019 жыл триатлон федерациясы үшін жемісті жыл болды. Себебі,  дәл осы жылы Қазақстан триатлон федерациясы (ҚТФ) 15 республикалық және халықаралық жарыс өткізеді. Олардың арасында Әлем Кубогы, Ironman 70.3 чемпионаты, Азия Кубогының екі кезеңі бар.

"Бүгінде еліміздің он өңірінде облыстық триатлон федерациясы құрылды. Қазақстан триатлон федерациясы триатлоннан жаттықтырушыларына арналған ТМД-да алғашқы әдістемелік құрал шығарды. Басты міндетке келер болсақ, бүгінде бұл – біздің ұлттық құрама командасының көшбасшыларының олимпиадалық біліктілік рейтингісіне ену және Токиода өтетін Олимпиада ойындарына квота алу. Біз бірнеше спортшыға, атап айтар болсақ Арина Шульгина, Дарын Қонысбаева, Аяна Бейсенбаева сияқты спортшыларға үміт артамыз", - деп баспасөз конференциясын Almaty ASTC Triathlon Asian Cup-2019 операциондық директор Ақмарал Еспенбетова бастады.  

Журналистермен кездесуге қатысқан Моңғолиядан келген ASTC Техникалық Делегаты Бьямба Цагаанбаатар (Byambaa Tsagaanbaatar) Қазақстан бүгінгі күні триатлон спорты дамыған орталыққа айналғанын айтты. ҚТФ президенті Кәрім Мәсімовтің бастамасы бойынша Орталық Азия елдерінің триатлеттері Орталық Азия Триатлон қауымдастығына (бата) бірікті. Бүгінде Қауымдастыққа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан федерациялары кіреді. 

Almaty Triathlon Federation атқарушы директоры Руслан Когай алдағы Азия Кубогы мен TEMIRADAM Кубогының VIII кезеңі туралы әңгімеледі: "3 тамыз күні таңғы 8-де Сайран көліне Elite санатындағы кәсіби спортшылар қатысады. "Триатлон-спринт" жарысы 3 кезеңнен тұрады: 750 м жүзу + 20 км вело + 5 км жүгіру. Жарысқа әлемнің 19 елінен 69 атлет (46 ер және 23 әйел) тіркелді. ASTC Almaty Asian Cup Азияның мықты триатлеттерін анықтап қана қоймайды, сонымен қатар  Олимпиадаға жол ашатын рейтингтік жарыс", - деп атап өтті спикер. 

4 тамызда бізді тағы бір қызықты сайыс - TEMIRADAM Кубогының VIII кезеңі – әуесқойлар арасындағы триатлоннан (Age Group) ҚР турнирі күтіп тұр. "Стандарт" дистанциясы 3 кезеңнен тұрады: 1500 м жүзу + 40 км вело + 10 км жүгіру. 182 спортшы және 10 команда тіркелген (командада 3 спортшы). Негізінен, спортшылар ТМД елдерінен: Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Украина, Өзбекстан. Жарыс таңғы сағат 9-да басталады. 

Баспасөз конференциясына Азия мен Қазақстанның белгілі триатлеттері  шақырылды. Сербиядан келген Огнен Стоевич алдағы жарыстың қатаң болатынына сенімді. Оның пікірінше, негізгі бәсекелестік әлемдік рейтингте 100-ге кіретін үш жеңілатлет – Оскар Коггинс (Гонконг), Феликс Дюшамп (Франция-Румыния), Аян Бейсенбаев (Қазақстан), Реном Сато (Жапония) арасында орын алады. Огнен сондай-ақ, жүздеген үздік триатлеттер қатарына (itu рейтингіндегі 89-нөмір) кіреді және осы жолы подиумға шығуға үміттенеді. 

Румыния елінің спортшысы Антоанелла Манак (Алматыда өткен Азия Кубогындағы 2 старттық нөмір, әлемдік рейтингтегі 83-орын) спорттық болжам жасаудан бұрын Алматыға деген махаббатын мойындады. Спортшының айтуынша, бұл — ыстықтан құтылуға болатын бірегей қала. Антоанелла Үлкен Алматы көлін көргенін айтып, қала табиғатының әсемдігіне басын иді. Тілшілер жарыстың әйелдер бөлігінде Антоанелла Юн Чун Чан (Оңтүстік Корея) және Арина Шульгинамен (Қазақстан) бірге негізгі фавориткалар деп саналатынын біле отырып, қыздың нәзіктігін бағалады. Айтпақшы, Шульгина үшін (94-ші әлемдік рейтингте) Алматыда триатлоннан Азия Кубогы мансабында 80-ші жарыс болады! 

Almaty Triathlon Federation бас бапкері Максим Мазур оның басты үміті жас спортшылармен, ең алдымен, қазақстандық триатлонның 15 жасар капитаны Александр Тенмен байланысты екенін айтты. Оның шәкірті үш айда үш жоғары марапатқа ие болды – 2019 жылдың мамыр айынан шілде айына дейін ол Қазақстан чемпионы (Қапшағай, Қазақстан), Орталық Азия чемпионы (Чолпон-Ата, Қырғызстан) және бүкіл Азия құрлығының чемпионы (Кенджу, Оңтүстік Корея) атанды! 

Чемпион өз жетістіктерін асқан қарапайымдылықпен түсіндіре келе:"келесі жылы мен 16 жасқа толып,  жасөспірімдер тобына ауысамын. Сол кезде..". Ол "сол кезде" деп, чемпионнның алдағы жылдарда да біраз белестерді бағындырамын деген сөзінің баламасы болса керек. Бұл сөздің мағынасын спортшының жаттықтырушысы мен өзі ғана біледі.  

Т. Есқали