Алтынбекова жапондық клубқа өтуіне қатысты сын айтушыларға жауап қайтарды

Алтынбекова жапондық клубқа өтуіне қатысты сын айтушыларға жауап қайтарды
Фото: static.365info.kz

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекованы сынаушылар саны көбейгені спортшыны қуанта қоймаған сыңайлы,  деп жазады Nur.kz.

Еске салсақ, 18 жастағы Алтынбекова өз мансабын Жапонияның екінші дивизионында ойнайтын GSS Sunbeams комнадасында жалғастыратыны хабарланған болатын. Бұл жаңалық желіде бірталай пікірталасқа ұласты. Пікір қалдырушылардың дені спортшыны "сатқын" әрі "патроиттық сезімнен жұрдай" деп атаған.

"Бұл жазба спорттан хабары жоқтар мен сөздерін текке кетірушілерге арналады. Клуб пен Қазақстан құрамасы – екі бөлек дүние. Мені қолдайтындардың бәріне рахмет", – деп жазды Алтынбекова Instagram-дағы өз аккаунтында.

Бұл спортшының шешімін дұрыс түсінбегендерге қайтарылған жауап болды.

Айта кетерлігі, Алтынбекова Жапонияда маусым бойы болып, кейін Қазақстанға қайтып оралады. Мамандардың айтуынша, шетелдік командада ойнау оған шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауға септік болады.

Е. Жұмабайұлы