Біздің елде көпшілік шай ішкенді жақсы көреді. Айналаңызда "шай ішпесем басым ауырады" дейтін бір адам болсын бар шығар?! Адамның басы шынымен де шай ішпегеннен ауыруы мүмкін бе? Шай денсаулыққа зиян ба және шайға тәуелділіктен қалай арылуға болады? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне интегративті нутрициолог Ажниязова Айымгүл жауап берді.
Нутрициолог қазір көпшілік қандағы қант деңгейінің тұрақсыздығымен қиналатынын айтты.
"Адамдардың басының ауыруы көбіне ағзасындағы қанттың қандағы тұрақсыздығынан болады. Қазіргі адамдардың күйзеліске қарсы тұру қабілеттері төмен. Адамдардың ұйқысы бұзылған және қазір көпшілік ұсақ-түйекке мазасызданып, кішкене нәрсеге уайымдайтын заман. Оның негізгі себептері денсаулықта жатыр, бірақ басқа да қосымша себептері бар. Осы күйзелісті көтере алмау, көп мазасыздану, көп уайымдау және өте көп мөлшерде тәтті тағамдар жеу адам ағзасындағы бүйрек үсті безі деген гормондар түзетін мүшесін тоздырып жібереді. Сол себепті бүйрек үсті безінің шаршау синдромы пайда болады. Ол ауру емес, бұл синдром, яғни ауруға дейінгі хәл. Осы синдроммен адамдар дұрыс тамақтанбаса, қандағы қант деңгейі төмен түсіп кете береді. Ол көбіне әлсіз балаларда және әйел адамдарда кездеседі", - дейді Ажниязова Айымгүл.
Шай ішу кезіндегі зиянды әдеттердің бірі – әркез тәтті бірдеңе қосып жеу.
"Шай ішкен кезде әсіресе әйел адамдар міндетті түрде қасына бірдеңе қосып жейді. Шай ішпесем басым ауырады деп шайдың құр өзін ішетін әйелдер өте аз, тіпті жоқ десе болады. Олар міндетті түрде шайдың қасына бірдеңе жейді немесе шайға қант қосып ішеді. Не үшін? Солай шай ішіп, тәтті бірдеңе жеген кезде оның қанындағы қант көтеріледі", - дейді маман.
Маман шайға деген тәуелділіктен арылуға рационды реттеу және күнделікті су мөлшерін сақтау көмектесетінін айтты.
"Егер шай сапалы болса, шай ішуге болады. Бірақ мысалы, таңертең, түсте, бестің кезінде және кешке шай ішсе және әр шай ішкен сайын қасына тәтті тағамдар жесе, әрине, бұл дұрыс емес. Сондай-ақ шайды ішу немесе ішпеуді әр адамның денсаулығына қарай жекелей айтамыз. Себебі мысалы, тамақты қорыта алмайтын адамдар бар. Оларға көп шай ішуге болмайды. Жалпы, тамақ ішкеннен кейін жарты шәйнек шай ішу дұрыс емес. Тамақты жақсы қорытатын адамдарға тамақтан кейін бір стақан шай ішсе ешқандай проблема көрмеймін.
Көпшілік әйел судың жеткілікті мөлшерін ішпейді. Сол үшін де олардың бастары ауырады. Егер адамдар қанындағы глюкозасын нормада ұстайтындай рацион қалыптастырса және күнделікті судың нормасын ішсе, олардың шайға деген тәуелділігі де, бас ауруы да кетеді", - деп қорытындылады Айымгүл Ажниязова.
Еске салайық, бұған дейін шайды қай кезде ішуге болмайтынын жазған болатынбыз. Сондай-ақ денсаулыққа пайдалы 5 шайды ұсынамыз.