Қазақ қоғамында әйелдің жауапкершілігіне көп міндет артылады. Жас келін болып шаңыраққа түскен күнінен бастап ата-ененің алдындағы келіндік қызметі, үйдің тірліктері, ұрпақ сыйлау, оның тәрбиесі, ерінің разылығын алу - бәрі әйелдің мойнында. Алайда Ислам шариғаты бойынша әйелдің де ер адамға бірқатар құқығы бар екенін көпшілік біле бермейді. Сондықтан болар қазақтар ер адамның міндеті тек жұмыс істеп, отбасын асырау деп санайды. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі ер адамның әйелінің алдында қандай міндеттері бар екенін білу үшін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Пәтуа бөлімінің мамандарына жүгінді.
Ең алдымен, Massaget.kz тілшісі мамандардың көмегімен ер адамның әйелі алдындағы міндеттерін тізіп көрді.
1. Әйелімен жақсы қарым-қатынаста болу, көркем мінез таныту;
Ерлі-зайыптының арасында сүйіспеншілік, бір-біріне деген мейірімділік пен кешірім болуы керек. Сондықтан тұрмыста кездесетін болмашы нәрселерге бола бір-бірін ренжітпеулері тиіс. Ер адам сөздерінде де, істерінде де жақсы болуы міндет.
"Ер адамның әйеліне көркем қарым-қатынас жасағаны оларға уәжіп. Ал егер ер адамға әйелінің бір қасиеті, жағы ұнамаса, оны жұмсақтықпен жоюға тырысып, ол нәрсені жек көруден сақ болған абзал", - дейді мамандар.
Олардың айтуынша, отбасылық қарым-қатынаста жақсы болу, әрдайым күлімдеу, әйелімен қалжыңдасу, оған жұмсақ сөйлеу және әйелін күлдіру пайғамбардың қасиетінен болған.
"Әйелді тек құрметті адам ғана құрметтейді және надан адам ғана қорлайды" делінген хадис шәрифте.
"Мүміндердің иманы толығырағы көркем мінезділері, ал жақсылары әйелдеріне жақсы қарағандары", - делінген тағы бір хадисте.
2. Әйелдің абыройына дақ түсіретін және оған лайық болмаған нәрсенің бәрінен қорғау, шектен шықпай, жаман ойдан аулақ болып орынды қызғану;
3. Әйелін нәпақамен қамтамасыз ету;
"Ер адам әйелі дәулетті болса да тағам, сусын, дәрі-дәрмек және баспана тәрізді қажеттілікпен қамтамасыз етуі керек", - дейді мамандар.
Дін қызметкерлерінің сөзінше, Ислам шариғаты әйел өзіне және балаларына аса қажетті жағдайларда өмір сүрулері үшін күйеуінің дүниесінен сұрамай алуына рұқсат береді. Бұл күйеуі сараңдық танытып, отбасына тиісті міндеттерін орындамай жатқан кезде рұқсат етілетін іс-әрекет.
Мұны мамандар:
"Утбаның қызы Хинд келіп: "Уа, Алланың Елшісі! Менің күйеуім Әбу Суфиян өте сараң адам, маған және балаларыма жететіндей дүние бермейді. Мен оның мүлкінен білдірмей алсам бола ма?" деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "өзіңе және балаларыңа жететіндей етіп жақсылықпен ал деді", - деп түсіндірді.
4. Шыдамдылық пен ақылдасу қабілеті;
5. Егер әйелі жұмыс істеуге мәжбүр болса, онда күйеуі оған үйдің тірліктерімен көмектесуі керек немесе үй шаруасындағы ауыртпалықты жеңілдету үшін үй көмекшісін жалдауы керек;
6. Егер әйелі күйеуінің туыстарымен (немесе оның туыстарының бірімен) бірге тұрғысы келмесе, әйелі күйеуінен оған жеке баспана беруін сұрауға құқылы;
7. Күйеуі әйелінің намысын қорғауы және оған нұқсан келтіруі мүмкін жағдайлардан аулақ болуы керек.
Мамандар тізімдегі міндеттер Ислам шариғатындағы әйелдің ең маңызды ақылары екенін жеткізді. Қашан ер адам бұл міндеттерін ықыласпен, шыншылдықпен, жұмсақтықпен және жауапкершілікпен өтейді, отбасы сонда ғана амандық пен бақытта өмір сүреді.
Сонымен қатар, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Пәтуа бөлімінің мамандары бүгінде әлеуметтік желіде қызу талқыға түсетін өзекті тақырыптың біріне қатысты да пікір білдірді. Олар біздің қоғамда қалыптасқан "келіндік қызметті" дініміз де қолдайтынын айтады.
"Әйел ерінің ата-анасына қызмет етіп, батасын алу дініміз және дәстүріміз бойынша міндеті", - деп қысқа қайырды мамандар.
Алайда, Желі қолданушылары "әйел күйеуінің ата-анасына қызмет етіп, олардың батасын алуға міндетті емес. Әйел күйеуінің батасын алып, көңілінен шығуға міндетті. Егер әйел ерінің көңілінен шыққысы келсе, оның ата-анасымен де жақсы қарым-қатынаста болады" деп пікір таластырып жатады.
"Ниса сүресінде келген әйелді (ұру) арабшасы (дарб) қатысты аяттың түсініктемесі әйелге зәбір көрсетіп, жапа шектіру мағынасында ұру емес. Ол жерде әйел кісіге наразы екенін білдіріп түріпбектеу мағынасында", - деді мамандар.
Бүгінде көп әйел алу тақырыбы өте өзекті мәселе. Көп әйел алудың діндегі орны парыз яки уәжіп емес, бар болғаны, кей жағдайларға байланысты адамдарға берілген рұқсат.
"Қойылатын шарттар мен талаптар:
- Екі әйел алғысы келетін кісінің ең әуелі оларды бағып-қарайтындай жағдайы болуы. Әйелдерін баспана, киім, ішіп-жеумен қамтамасыз етуі тиіс;
- Әйелдерінің арасында әділдікпен тең қарым-қатынас орнатуы тиіс. Мысалы, біреуіне жылы шырай танытып, екіншісімен суық қарым-қатынас жасап, біреуінің жанында көп болып, екіншісінікінде аз уақыт болу секілді көңілдеріне кірбің салар әділетсіздікке баруы дұрыс емес;
- Отбасын бірдей басқаруға қабілеті жеткіліксіз болса немесе екінші әйел алған жағдайда отбасы шаңырағын шайқалтса, жауапкершілігі аса ауыр. Сондықтан үйленгісі келген адам өзінің материалдық және рухани мүмкіндігін есепке алмастан мұндай қадамға баруы орынсыз;
- Әйеліне зорлық-зомбылық көрсетпеуі, мысалы денесіне із қалдыратындай ұрып-соқпауы тиіс", - деп жауап берді ҚМДБ Пәтуа бөлімінің мамандары.
Тағы да оқи отырыңыздар: Кіші той деген не?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!