Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін суретке немесе видеоға түсіруге бола ма? Бұл сұраққа заңгер Надежда Гельдт жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Life-ке сілтеме жасап.
Заң бойынша физикалық тұлғаларды олардың келісімінсіз сурет пен видеоға түсіруге және оны желіге салуға болмайды.
Алайда жол полиция қызметкерлеріне келсек, бұл жайлы "Жол жүрісі туралы" Заңның 54-бабында қарастырылған. Онда көлік құралы жүргізушісінің және иесінің құқықтары мен міндеттері жазылған.
"Қазақстанда жүргізуші лауазымды тұлғадан оны тоқтату себебін түсіндіріп беруін сұрай алады және бұл кезде оны суретке немесе видеоға түсіре алады", - дейді маман.
"Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" заң бойынша да полиция қызметкерлерін тергеу шаралары кезінде суретке немесе видеоға түсіруге тыйым жоқ.
Алайда қызметкерлер кей жағдайларда түсірілімге тыйым салуы мүмкін.
"Бұл заңның 6-шы бабына сәйкес полиция қызметкерлері төтенше жағдай жарияланған немесе лаңкестікке қарсы операция болған жерде тергеу шараларын жүргізген кезде физикалық тұлғаларға фото немесе видеотүсірілім жасауға тыйым сала алады", - дейді Надежда Гельдт.