Үй ішіндегі атмосфера көңіл күйге әсер етеді. Психолог Валерия Рыжик Doctorpiter порталына жақсы көңіл күйде жүру үшін қандай заттардан арылу керегін айтты.
Үйдегі мына заттар көңіл күйді бұзады:
1. Көзге көрініп тұрған жерде орналасқан жұмыс құжаттары
Әсіресе, құжаттарды демалатын жерлерге, мысалы, асүй, жатын бөлмеге қоймаған дұрыс.
"Бұл адамның эмоционалды жағдайына жағымсыз әсер етеді. Олар бізге босаңсуға мүмкіндік бермей, қиын тапсырмаларға және күйзелісті жұмыс жағдайына оралтады, - деп түсіндірді Валерия Рыжик. - Құжаттарды жинап қоюға және көз алдыңызға қоймауға тырысыңыз. Оларға бөлек тартпа арнаған жөн".
2. Үйде айнаның көп болуы
"Егер айнаға қарап, сырт келбетіңізден мін іздей берсеңіз, бұл өзін-өзі төмен бағалауға және көңіл күйдің нашарлауына әкеледі", - деп ескертті маман.
3. Өліп қалған гүлдер
"Өсімдіктер интерьерді сәнді ететіні рас. Бірақ егер олар құрғап кетсе, қарайып кетсе немесе жапырақтары түсіп қалса, бұл біздің көңіл күйімізге әсер етеді. Себебі гүл бізде тіршілікпен ұқсастырылады", - деді ол.
Маман бөлме өсімдіктеріне жақсылап күтім жасауды ұсынды. Егер оларды қарауға уақытыңыз болмаса, аса күтімді қажет етпейтін бөлме гүлдерін алыңыз немесе үйде гүл ұстаудан бас тартыңыз.
4. Сынған заттар
"Егер үйде сынған заттар көбейіп кетсе, адамда өмірі тек проблемалардан тұратындай сезім пайда болады, - деді Валерия Рыжик. - Шынымен пайдалы заттарды жөндетіңіз. Ал бұзылған заттарды лақтырыңыз".
5. Ауыр естелік беретін заттар
"Бұл бұрынғы серігіңіздің заттары болуы мүмкін. Егер ажырасуды әлі де эмоционалды тұрғыда қабылдамаған болсаңыз, оны немесе қиын кезеңді еске түсіретін заттарды лақтырып тастаған дұрыс", - деді психолог.
6. Шашылып жатқан немесе мыжылған заттар
"Үйде шашылып жатқан киімдер көңіл күйге жағымсыз әсер етіп, өміріңіз де ретсіз секілді сезім береді, - дейді маман. - Өз-өзіңізді қолға алып, музыка қосып, шкафтарды жинап шығыңыз".