Қаңтардың аяғында Нұрлан Сабуровқа Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салынған еді. Стендап-комиктің компаниясы салық бойынша берешегін өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
РИА Новости агенттігі бұл ақпаратты "БИР-Аналитик" деректеріне сүйене отырып анықтаған.
Mash Telegram-арнасының мәліметінше, Сабуровтың "Сабр продакшн" компаниясы кино, бейнефильмдер мен телевизиялық бағдарламалар өндірумен, сондай-ақ, оларды таратумен айналысады. Бұған дейін комик концерттерін осы компания арқылы ұйымдастырып келген.
Былтыр қарашада компанияның салық бойынша 18,9 мың рубль көлемінде берешегі болған. Бұл шамамен 119 мың теңге.
Қазір материалдарда "салықтар мен жарналар бойынша берешек жоқ" деп көрсетілген.
Ресейдегі шығармашылық қызметі жылдарында Сабуров жылжымайтын мүлік сатып алғаны да айтылып жүр. Мәліметтерге қарағанда, оның Жаңа Рига ауданында үйі бар. Үйдің құны шамамен 50 млн рубльге бағаланады. Бұл шамамен 315 млн теңге.
Айта кетейік, бұған дейін әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Мәліметке сүйенсек, бұл шешім "ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін" қабылданған.
Кейінірек Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әзілкеш Нұрлан Сабуровқа қатысты жағдайға пікір білдірді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың айтуынша, Нұрлан Сабуров - Қазақстан Республикасының азаматы.
Заңгер Александр Хаминскийдің пікірінше, Сабуров Ресей саясатына қатысты ұстанымын ашық түрде өзгертсе, елге кіруге қойылған тыйымды алып тастауы мүмкін. Заңгердің айтуынша, комикке Ресейге кіруге тыйым салу оның Ресейдің Украинаға қарсы соғысын сынауымен, "антиресейлік мәлімдемелерімен", сондай-ақ, көші-қон және салық заңнамасын жүйелі түрде бұзуымен байланысты болуы ықтимал.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз