- Негізгі бет
- LifeStyle
- Неліктен таңертең ұйқыдан...
Неліктен таңертең ұйқыдан оянғанда тамақ ауырады?
Кейде тұмауратпасаңыз да, таңертең тамағыңыз ауырып тұруы мүмкін. Жұтынғанда тамақ ауыруының, қышуының және жағымсыздықтың басқа себептері болуы мүмкін.
Сусыздану
Егер суды жеткілікті түрде ішпесеңіз немесе жылдам терлейтін болсаңыз, денеңізге қолайсыз болады. Сондай-ақ жиі зәр шығартатын немесе су салмағын жоғалтқызатын дәрі ішіп жүрсеңіз де, сусыздану болуы мүмкін. Ағзаға су жетіспегендіктен, таңертең аузыңыз құрғап, тамағыңыз қышуы және жұтынғанда тамағыңыз ауырып тұруы мүмкін.
Сусызданудың басқа белгілеріне мыналар жатады:
- Бас ауыруы;
- Шаршаңқылық;
- Бас айналу;
- Буындар құрысуы;
- Аяқтың ісіп кетуі;
- Жылуға сезімталдық;
- Іш қату;
- Зәр түсінің қараюы.
Шөлдеу – сусызданудың негізгі белгісі. Сусыздануды және ауыздағы құрғақтықты емдеудің ең дұрыс жолы – суды көбірек ішу. Сондай-ақ ағзадағы электролиттерді қайтаратын қоспалар ішуіңізге болады.
Күнделікті су ішу нормасы сіздің жасыңыз, бойыңыз, салмағыңыз және жергілікті ауа райына байланысты болады. Әдетте, күніне 8 стақан су ішу керегі айтылады.
Қорыл және апноэ
Әрбір адам өмірінің қандай да бір сәтінде қорылдайды. Тамақ бұлшықеттері босаңсып, тыныс алу тамағынан өтетін ауа оның айналасындағы тіндерде діріл тудырған кезде қатты қорыл пайда болады.
Тыныс алу жолдарының үнемі дірілдеуі - тамақ ауыруының кең тараған себебі. Қорыл сондай-ақ ауызбен тыныс алумен тығыз байланысты. Түнде ауызбен демалған кезде де таңертең аузыңыз құрғап, тамағыңыз қышып тұрады.
Қорыл қалыпты құбылыс болғанымен, созылмалы қорыл ұйқыдағы апноэнің белгісі болуы мүмкін. Апноэ – қауіпті ұйқы бұзылысы. Бұл кезде ұйықтап жатқан адамның тынысы бірнеше рет тоқтап қалуы мүмкін. Таңертең тамағыңыз ауырып ояну немесе ауыздағы құрғақтық – обструктивті апноэнің бір белгісі.
Оның басқа белгілеріне мыналар жатады:
- Күні бойы ұйқышыл болып жүру;
- Қатты қорылдау;
- Түнде тұншығып оянып кету;
- Бас ауыру;
- Зейін қою қиыншылықтары;
- Жиі күйгелектену;
- Жоғары қан қысымы;
- Түнгі тершеңдік;
Егер қатты қорылдайтын болсаңыз және таңертең тамағыңыз ауырып оянатын болсаңыз, бұл жайлы дәрігеріңізге айтыңыз. Дәрігер жүрек, өкпе және ми белсенділігін бақылау үшін ұйқыңызға зерттеу жүргізеді.
Оны емдеу үшін өмір салтын өзгерту, салмақ тастау, жүйелі түрде физикалық жаттығулар жасау, алкоголь мен темекіден бас тарту ұсынылуы мүмкін.
Аллергия
Егер шаң-тозаң, зең, жануарлардың жүні немесе кене секілді қоршаған орта аллергендеріне аллергияңыз бар болса, олардың жанында болу мұрын мен тыныс алу жолдарын тітіркендіруі мүмкін. Ал ол тамақтың қышуына әкеледі. Егер аллергияңыз бар деп ойласаңыз, дәрігерге көрініп, қажет дәрі жаздырып алыңыз.
Вирусты инфекциялар
Тұмауды тудыратын вирустар жиі тамақ ауыруының себебі болады.
Вирусты инфекцияның басқа белгілеріне мыналар жатады:
- Жөтел;
- Мұрынның бітелуі;
- Түшкіру;
- Жоғары температура;
- Тамақтың қырлығып қалуы;
- Мойындағы бездердің ісіп кетуі;
- Дененің ауыруы;
- Бас ауыру;
- Жүрек айну және құсу.
Әдетте вирусты инфекция 5-7 күнде емсіз өзі кетеді. Вирусты инфекцияны антибиотиктер емдемейді. Егер тамағыңыз қатты ауырса және ол бір аптадан артық уақыт мазаласа, дәрігерге көрсету керек.
Стрептококты тамақ ауруы
Бактериялық инфекция да тамақты ауыртуы мүмкін. Тамақта қабыну тудыратын кең тараған себепке Streptococcus pyogenes бактериясы жатады.
Оның басқа белгілеріне мыналар жатады:
- Жұтынудың қиындауы;
- Жоғары температура;
- Қызарған және ісіп кеткен бадамша бездері. Оның беті ағарып іріңдеуі де мүмкін;
- Таңдайдағы қызыл ұсақ дақтар;
- Мойында лимфа түйіндерінің үлкейіп кетуі.
Егер сізде ангина болса, дәрігер сізге антибиотик жазып береді.
Қышқылды рефлюкс
Бұл асқорыту бұзылысы. Ол кезде асқазан сөлі өңешпен тамаққа қайтып келеді. Оның басқа белгілеріне қыжыл, қарлыққан дауыс немесе тамақтың ауыруы жатады.
Қатерлі ісік
Егер тамақта немесе оның жанында тілде, көмекейде қатерлі ісік болса, тамақ ауыруы мүмкін.
Оның басқа белгілеріне мыналар жатады:
- Тамақтың қарлығып қалуы;
- Жұтынудің қиындауы;
- Шулы тыныс алу;
- Қан аралас сілекейдің болуы.
Қай кезде дәрігерге көріну керек?
Егер таңертең жиі тамағыңыз ауырып оянсаңыз немесе ол екі аптадан ұзақ мазаласа, дәрігерге көрінген дұрыс. Олар анализдер тапсыртып, тамақтан жұғынды алып, оның себебін анықтайды. Дәрігер диагнозға қарай ем береді.
Сондай-ақ егер тыныс алу немесе жұтыну қиындай түссе, бірден дәрігерге қаралыңыз.
Өзіңізді жақсырақ сезіну үшін не істей аласыз?
Тамақ қатты ауырса, ол медициналық көмекті қажет етеді. Алайда бұл белгіні жеңілдету үшін үйде де жасауға болатын нәрселер бар:
- Кейде мұз бөлігін немесе жемісті балмұздақ сору тамақты сәл тыныштандырады. Сондай-ақ соратын дәрі алуға болады;
- Ұйықтайтын бөлмеңізге ауа ылғалдандырғыш қосып қойыңыз;
- Тамағыңызды тұзды сумен шайыңыз;
- Жылы сусындар ішіңіз және жалпы сұйықтық көп ішуге тырысыңыз;
- Бал жеуге болады. Алайда бал аллергия беруі мүмкін екенін ескеріңіз.
Оқи отырыңыз: Күнде бал қосылған су ішсеңіз не болады?
А. Жапатова