Әкемтеатр – 94: жаңа маусым, премьера, қошемет

Әкемтеатр – 94: жаңа маусым, премьера, қошемет
Фото: massaget.kz

Қазақ өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 94-маусымы ашық деп жарияланды. 

Жаңа маусым әдеттегідей БАҚ өкілдерімен кездесуден басталды. Ресми ашылуы алдында театр басшылығы мен ұжымы баспасөз конференциясын өткізіп, журналистерге жаңа маусымға жасалған жоспарлар, жаңалықтар мен өзгерістер жайлы ақпарат берді.

Сөзді алғашқы болып алған театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сәбит Әбдімүтәліұлы Әбдіхалықов бұл күнгі шаралар көрермен үшін жасалған той екенін айтты: "Келген халық театр корридорынан Абай, Шәмші, Мұқағали ауылдары, фотокөрме мен поэзия бұрышында болатын шағын қойылымдардың куәгері бола алады. Әкемтеатр әртістерімен әңгіме айтып, суретке түсіп, бір елі жақын түсу мүмкіндігіне ие болады".

Абыз ақсақал, театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының, "Отан", "Құрмет", "Қазақстанның Еңбек Ері" ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев театр мен сыншылар арасындағы байланыстың үзіліп бара жатқанын тілге тиек етті: "Қазір көрген қойылымы туралы тұщымды пікір айтып, орынды сынап, өнерді өрге жетелейтін критиктер жоқтың қасы. Премьерадан соң пікір тыңдағымыз келіп, күтіп отырамыз. Өзімізге жеке келіп айтсаңыз да, құба-құп болар еді".

Пресс-конференцияда фотокөрме қорының иесі, фотограф, КСРО журналисттер одағының мүшесі, халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері болды Қалиғұмар Қабдешев те сөз алды: "Мен бала кезімнен театр өнеріне ғашық болдым. Студент болып Алматыға келгенімде фотоаппарат сатып алып, қойылымдарды суретке түсіріп жүрдім. Кейін жұмысым бағаланып, штатқа жұмысқа кірдім. Жарты ғасыр өмірімді осы іске, сүйікті ісіме арнадым. Жеке қорымнан алынған фотосуреттер көрмесінің Әкемтеатрда ашылғанына өте қуаныштымын".

Көрермен қатысуымен болған негізгі шара халқымыздың ұлы перзенті – Мұхтар Әуезовке тағзым етуден басталды.

Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, Сәбит Әбдіхалықов, Дулат Исабеков, Ғалиғұмар Қабдешұлы, Ұлықбек Есдәулет пен театр ұжымы Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Кейін барша жиылған қауым театр ішіне кіріп, ұжым дайындаған тосын сыйды өз көздерімен тамашалап, арқа-жарқа болды. Осы аралықта сахнада жаңа қойылымның репетициясы жүріп жатқан еді.

Ал, маусымның баста жаңалығы "Аттила мен Аэций" қойылымы болды.

Аттила –  Еділ қаған–батыс ғұндар мен еуропалық көптеген тайпалардың басын біріктіріп, үлкен қағанат құрған (б.з. 434-453 жж.), әлемдік тарихта ерекше орны бар тұлға. Бұл тақырыпқа осымен екінші рет оралып,  бұл жолы жаңа туынды – белгілі аттилатанушы, француз жазушысы Б. Тюргэннің тарихи драмасын сахналап отырған театр интерпретациясында Аттила басқыншы емес, керісінше, Еуропада құл иеленушілік құрылыстың шайқалуына әсер еткен, ондағы халықтарға азаттық әперген ұлы қолбасшы, Ғұн-Рим империясын құруды армандаған көрнекті мемлекет қайраткері, діни сенімдерді қадірлейтін дипломат. Мұның түп тамырында оның ата-баба өсиетіне адалдығы, өмірлік және билік қағидаларына беріктігі жатыр. Бүгінгі күнмен үндесетін, таңбалық мағыналары мол қойылымда Аттиланың сүйікті жары Кере-коға махаббаты, римдік атақты генерал Аэциймен достығы да көркем көрініс тапқан.

А. Оралқызы