Әкемтеатрдың 94-маусымын "Аттила мен Аэций" қойылымы ашады

Әкемтеатрдың 94-маусымын "Аттила мен Аэций" қойылымы ашады

2019 жылдың  17-ші қазанында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің 94-ші маусымын ашады.

Жаңа маусым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Алаш" Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты  Әлия Бөпежанованың аудармасындағы, Григорий В. Томскийдің "Аттила мен Аэций"  қойылымының премьерасымен ашылады. Спектакльдің қоюшы-режиссері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Алма Арғын.

Аттила –  Еділ қаған – батыс ғұндар мен еуропалық көптеген тайпалардың басын біріктіріп, үлкен қағанат құрған (б.з. 434-453 жж.), әлемдік тарихта ерекше орны бар тұлға. Бұл тақырыпқа осымен екінші рет оралып, бұл жолы жаңа туынды – белгілі аттилатанушы, француз жазушысы Б. Тюргэннің тарихи драмасын сахналап отырған театр интерпретациясында Аттила басқыншы емес, керісінше, Еуропада құл иеленушілік құрылыстың шайқалуына әсер еткен, ондағы халықтарға азаттық әперген ұлы қолбасшы, Ғұн-Рим империясын құруды армандаған көрнекті мемлекет қайраткері, діни сенімдерді қадірлейтін дипломат. Мұның түп тамырында оның ата-баба өсиетіне адалдығы, өмірлік және билік қағидаларына беріктігі жатыр. Бүгінгі күнмен үндесетін, таңбалық мағыналары мол қойылымда Аттиланың сүйікті жары Кере-коға махаббаты, римдік атақты генерал Аэциймен достығы да көркем көрініс тапқан.

А. Оралқызы