Әкемтеатрда "MÝZEI TÚNI" атты ерекше шара өтеді

Әкемтеатрда "MÝZEI TÚNI" атты ерекше шара өтеді
Фото: Әуезов театры

24-мамыр күні сағат 20:30-да М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «MÝZEI TÚNI» атты ерекше шара өтетіндігін хабарлаймыз.

Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылып отырған кеште көрермен қазақ театр өнерінің бүтіндей бір тарихымен танысып, театрдың негізін қалаушылардың сахналық өміріне шолу жасап, өткен күннің іздерімен қазақ театрының «Алтын ғасырына» сапар шегеді!

Театр музейі жарты ғасыр уақыт ішінде өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты театрдың өткенімен таныстыратын, актерлердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін айрықша беделге ие бола білді.

Наргиз Тамабекқызы жетекшілік ететін «Музей» бөлімінде жұмыс істейтін мамандар жыл сайын  газет қиындыларына дейін бірнеше жылдық барлық сұқбаттарды, бәрін сақтайды. Театр артистері есімі ел есінде мәңгі қалған заңғар тұлғаларымыздың кейіпін, болмысын понтамималық актерлік ойын ерекшеліктерімен кескіндейтін болады.

Театрымыздың артистері қойылымнан үзінділер келтіріп, өнерлерін көрсетіп, театр музейі түнін тамашалауға келген көрермендерді тамсандырып, шараның көркін ашатын болады. 

Театрымыздағы «Музей түнінің» бөлер әсерін  сіздерге ешбір кітап, ел аузындағы естеліктер де бере алмайды.  Қапы қалмаңыздар!

А. Оралқызы