"Қобыланды" қойылымының премьерасы өтеді

"Қобыланды" қойылымының премьерасы өтеді
Фото: Әуезов театры

2019 жылдың 13, 14-ші сәуірінде 18.30-да Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Мұхтар Әуезовтың "Қарақыпшақ Қобыланды" дастан-драмасының негізінде қойылған "Қобыланды" спектаклінің премьерасы.  Режиссері  – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Нұрқанат Жақыпбай. Қоюшы-суретшісі – Мұрат Сапаров.

Мұхтар Әуезов драматургиясының гауһары Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында үшінші рет қойылмақ. Алғашында 1946 жылы 6 сәуір күні Я.С.Штейн мен Қазақ ССР-ның халық артисі Қапан Бадыровтың режиссерлігімен қойылса, арада жиырма жылдан астам уақыт өткеннен кейін, 1967 жылдың көктемінде Әзірбайжан Мәмбетов "Қобыландыны" қайта сахналаған. Қара шаңырақ Әуезов театрында "Қобыланды" бейнесін алғаш жасаған актер – Шәкен Айманов, ал Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған спектакльде батырдың бейнесін ҚазССР Халық артистері Ыдырыс Ноғайбаев пен Әнуар Молдабеков сомдаған. Айта кетейік, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі мерзімде бұл спектакль алғаш рет қойылғалы отыр.

М.Әуезовтің "Қарақыпшақ Қобыланды" дастан-драмасы  халқымыздың сонау ғасырлар қойнауынан бастау алатын мәдени-рухани өрісімен; отансүйгіштік,  елсүйгіштік идеясымен қымбат туынды. Қойылымда Қобыландыдан бастап әр кейіпкердің табиғи болмысы ізгілік пен зұлымдықтың мәңгілік аяусыз күресінде айқындалып, тағдыр, жазмыш идеясы зерделенеді.  Ел азаттығы мен бақыты  үшін күрес жолындағы арман-аңсарлары бүгінгі ұрпақ көзімен танылады."Қарақыпшақ Қобыланды" көрермендерге  заманауи  сахналық көркем  тіл ізденістерімен де қызғылықты болары сөзсіз.

А. Оралқызы