Әмина Өмірзақова – 100 жыл: "Ана туралы аңыз" атты еске алу кеші өтті

Әмина Өмірзақова – 100 жыл: "Ана туралы аңыз" атты еске алу кеші өтті
Фото: vk.com

Алматыда "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қазақ кино өнерінің анасына айналған Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына арналған "Ана туралы аңыз" атты еске алу кеші өтті.

Үлкен концерт  алдын мерекелік шараға қатысты пресс конференция болды. Оған Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалдыұлы мен танымал актриса Лидия Каденова, актер Кәдірбек Демесін қатысты.

Театр директоры: "Бұл бір театрдың ғана, театрға қатысы бар адамдардың мерекесі ғана емес, иісі қазақтың мерекесі деп ойлаймын. Өйткені, Әмина апамыз – қазақтың өнерін асқақтатып кино мен театрда өзінің ізін қалдырған тұлғалардың бірі әрі бірегейі", - деді.

Кәдірбек Демесін де Әмина апаймен бірге қызметтес болған жылдарынан шуақты естеліктер айтып, актриса образын қайта көз алдымызға әкелді. Оның кеңдігін, кез-келген иүйге еркін сіңіп кететіні мен бауырмалдығын да айтып өтті.

Конференция кейін қазақ эстрадасы жұлдыздарының концертіне ұласты. Онда: "Халықаралық ең бір мықты деген Канн кинофестивалінде ең үздік әйел рөлі үшін марапат алған Самал Еслямованың жеңісі осындай Әмина апа сынды тұлғалардан ұрпақтан-ұрпаққа берілген тектіліктің жалғасы деуге болады", - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Естеріңізге сала кетейік, Әмина Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында өмірге келген. 1938 жылы Ленинград қаласындағы Театр институтын бітіріп, өнердегі алғашқы еңбек жолын Шымкент облыстық драма театрына жолдамамен қызметке келуден бастаған.

Әмина Өмірзақова қазақ театр сахнасында 68 жыл бойы қызмет етті. Ол сол уақыт ішінде 150-дей рөлдерді сомдады. Оның кино саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Ол түскен 20 шақты кинофильм қазақ жұртына кеңінен таныс.

Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатыр.

А. Оралқызы