Руслан Әбу: "Біреудің бағына жабысқан, өз бақытынан құр қалады"

Руслан Әбу: "Біреудің бағына жабысқан, өз бақытынан құр қалады"
Фото: Айжан Есенгелді

Қазақ Мемлекеттік қуыршақ театрының шығармашылық жолы 1935 жылдан бастау алады. Сол кезден бері көптеген өнер шеберлері бүлдіршіндер үшін өнер көрсетіп, сан мың қуыршақ сахна төрінен көрініп, кішкентай көрермендердің жүрегін жаулап алған болатын. Еңселі елдің ертеңгі тұтқасын ұстар бүлдіршіндер мен жеткіншектерге қызықты бұл ортаның атқарар қызметі мен арқалар жүгі ауыр. Бала көңілін табу, жақсылыққа, мәдениетке тәрбиелеу оңай іс емес. Назарларыңызға бүлдіршіндерге түрлі қойылымдардағы рөлімен ұнап, еңбек жолын енді бастап келе жатқан Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының жас актері Руслан Әбудің сұқбатын ұсынамыз. 

– Сізді қуыршақ өнеріне енді ғана қадам басса да өзіне лайықты жетістікке жетіп келе жатқан жас актер ретінде танимыз. Енді өзіңіз жайлы... Қай жерде дүниеге келдіңіз? Ата-анаңыз қандай жандар? 
– Мен 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келдім. Отбасымда ата-анам, үш бауырым бар. Өнердің қайнаған қазанында жүрмесе де, әкемнің ән айтатын қабілеті жоқ емес. Ата-анамның тектілік тұнған тәрбиесінің арқасында көргенді ұрпақ болып өсіп келе жатырмыз. 

– Бала кездегі Руслан қандай болды? Өнерге жақын екеніңіз балалық шақтан байқалды ма? 
– Иә, кішкентай Руслан балабақшада былдырлап жүріп тақпақ айтып, ән салып, би биледі. Тентектіктен гөрі өнерге көбірек бейім болдым. Бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие белсенді балалардың қатарынан табылдым. 7-сыныптан бастап дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатқа қабылданып, сол жердің түлегі атандым. 

– Киелі қуыршақ театрына қалай келдіңіз? 
– 2013 жылы өзім армандаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Қуыршақ театры артисі» мамандығына түсіп, С.Мақұлбеков, О.А.Сәрсенбек, К.Адылов сынды ұлағатты ұстаздардан тәлім алдым. 2017 жылы оқуды тәмамдай сала 83 жылдық тарихы бар қуыршақ театрына жұмысқа қабылдандым. Тәлім мен тәжірибеге бай, білгендерін үйретуден жалықпайтын аға-әпкелеріммен қызметтес болудың өзі мен үшін зор абырой. 

– А.Зайцевтің «Ана жүрегі» қойылымында басты рөлді сомдайсыз. Бойыңызда қандай да бір ұқсастық бар ма? Жалпы кейіпкерді кіршіксіз етіп жеткізу үшін қаншалықты дайындық керек? 
– Бұл қойылымдағы басты кейіпкерді қоршаған ортадан жиі әрі оңай кездестіруге болады. Ақпараттың кең таралып, ғаламторға телмірткен уақытында ата-анадан гөрі смартфонына көп қарайлайтын балалар көп. Бұл кейіпкер де еліктеушілігі басым, шектен тыс ерке, арзан әдеміліктерді анасынан қымбат көретін бозбала. Бойымызда асқан бір ұқсастық бар демес едім. Алайда, жан тебірентерлік туынды болғаны соншалық, қойылым соңында әр кез көзіне жас алған көрермендерге куә боламыз. Ал дайындық турасына келетін болсақ, бәрі де еңбекке, жауапкершілік пен ынталы жүрекке байланысты. Берілген рөлге жан-тәніңмен кірісіп, жүрегіңмен сезіне алсаң, көрерменнің де көкейіне тез жетіп, көңіліне қонары хақ. 

– Әдетте, өзге театр артистеріне қарағанда, қуыршақ маманының қызметі күрделі көрінеді. Шын мәнінде қалай? 
– Жұмыстың оңайы бар деп айта алмаймын. Әрбір қызметтің өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар. Ширманың артында қуыршақ ұстап жүру жеңіл болып көрінгенімен, әсте олай емес. Оны жүргізу, сөйлету, мінезін ашу, көрерменмен арада байланыс орнату – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Қазіргі таңда театр репертуарында алдыңғы планда ойналатын қойылымдар легі көбейіп, жұмыс одан әрі күрделене түсті. Артист екпінді тек қуыршаққа ғана түсірмей, өзіндік қабілеті мен шеберлігін де көрсетуге тиіс. Өзге театр артистерінен айырмашылығы да осы шығар. 

– Образды сезініп, рөлге ену үшін түрлі-түсті киімдер мен әдемі декорациядан басқа тағы не керек? 
– Әрине, мамандығыңа деген сүйіспеншілік пен ынтызарлық, әріптестер арасындағы ауызбіршілік керек. Көрермен сіздің сахнадағы ойыныңызды көруге келер, дегенмен ол – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмысыңыз. Бастысы жүректен шыққан нәрсенің жүрекке жетеріне сенімім кәміл. 

– Қуыршақты жүргізу мен кейіпкердің сөзін жаттауға бөлек дайындық керек. Қайсысы көп уақытты талап етеді? 
– Сахналанғалы жатқан пьесаны түсініп оқып, сезінген уақытта жадыңа жылдам сақталады. Кейіпкеріңнің сөзін жаттағаннан бұрын, жансыз қуыршақты сөйлетіп, қимыл беріп жүргізу, оның мінезін ашу көп уақыт пен тынымсыз еңбекті талап етеді.

– Мүлдем атаусыз қалып бара жатқан атақтылар бар. Солардың соңынан ілесіп кетемін деп қорықпайсыз ба? 
– Егер ол сенің таңдаған мамандығың, сүйікті қызметің болса, жұмысыңды ерекше сүйіспеншілікпен жасап, асқан жауапкершілікпен қарайсың. Оған қоса әрдайым ізденіс үстінде жүріп, әркез еңбек ететін болсаң, онда атақ та, биік мәртебе де, толассыз марапат та өзі-ақ келетін болады. Сондықтан, өзіме деген нық сеніммен, бір үйдің балаларындай болып кеткен әріптестеріммен бірге әлі талай шыңға шығарыма сенемін. 

– Әсіресе өнер адамдары бір-бірін мақтауға келгенде шорқақ көрінеді дейді. Өзіңіз өзгенің биігіне оң көзбен қарай аласыз ба? 
– Әр адамның өмірі әр тарапта өрбиді ғой. Кез келгеніміздің пейілімізге, ниетімізге бұйыратын өз несібеміз бар. «Біреудің бағына жабысқан, өз бақытынан жаңылысады» демекші, өзгенің жеткен жетістігіне, көтерілген биігіне қуанып, қажет болса үлгі де ала білу керек деп ойлаймын. Бастысы, әрбір іске маңдай теріңді төгіп, адал еңбекпен өнердің өр биігіне жетуге ұмтылу керек. 
– Әңгімеңізге рақмет! 
 
Сұхбаттасқан: Айжан Есенгелді
Т. Раушанұлы