Ахико – біздің заманның қаһарманы

Ахико – біздің заманның қаһарманы
Фото: auezov-theatre.kz

Режиссер Асхат Маемиров драматург Мадина Омарованың пьесасын драмалық өткір қойылымға айналдырған. Қойылымда кейіпкердің өмір жолы көрсетіле отырып, Отан, мемлекет, ел, отбасы, дос және келер ұрпақ ұғымдары гуманистік идеяда тоғысады. Бүгінде виртуал әлемде адамдар қоғамға, мемлекетке деген наразылығын білдіріп жатады. Ал ол қарсылық тек виртуал ортада ғана қалады және айтарлықтай ештеңе өзгертпейді. Мәселенің шешімін табу үшін нақты қадамдар жасау керек. Сол мүддеге сай Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында сахналанған "Ақтастағы Ахико" спектаклі Қазақстан тарихын бүгінгі күнмен сабақтастыра қайта жаңғыртады.

Актер Дулыға Ақмолда сомдап шыққан Ахико – болмысы мен жан дүниесі антикалық кейіпкер. Қойылымда ол саяси репрессияға, түрлі соқпақтарға қарамастан кісілігін жоғалтпайды, өз биігінде қалады. Режиссер актердің шеберлігі мен талантын дұрыс қолданып, жалған патетикасыз, реалистік амалдармен мықты адамның образын жасап шыққан.

Әсіресе түрмедегі көріністе адам типаждарының үлкен шоғыры мен драмалық өткірлік көзге оттай басылады. Көрермен бұл эпизодтарға асқан қызығушылықпен назар салады. Мизансценаның логикалық құрылысы, мағыналық бірізділік – бұлар көрерменді Ахико тағдырына одан сайын ынтықтырады.

Ахиконы отанында қарсы алып жатқандағы жапон қыздарының биі визуал әсер қалдырады. Бұл эпизодты режиссер Асхат Маемиров эмоционалды етіп жасаған. Көрініс көрерменді тебіренткенімен қоймай, визуал заңдылықтарды сақтай отырып сондай биязы, тебіреніске толы энергетикамен қойылған.

Спектакльде ерекше визуал образдарды Зарина Кәрменова (Ахиконың анасы) мен Жәнел Мақажан (Катя) сомдаған. Актерлердің басым бөлігі жинақтама типаж бола тұра, өткір драмалық образдарды алып шыққан. Бұл қойылымнан алуан түрлі мінездер мен кейіпкерлер галереясын көруге болады.

Асхат Маемиров заманауи экспрессионистік және реалистік театр өнерінің әдістері мен тәжірибесін шебер қолданған. Мысалы режиссер Ахико арқылы дерек пен көркемдікті бір арнаға тоғыстырады.

Спектакль адамзат идеяларының үдесінен шыққан. Ахиконың отаны – көпұлтты Қазақстан. Дәл осы шынайылықты режиссер басты мұрат ретінде сахналаған.

Лаша Чхартишвили

Massaget.kz